Көкшетауда мониторингтік топ карантин талаптарын бұза отырып өткізілген екі үйлену тойын анықтады, деп хабарлайды Ақмола облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысы коронавирустың таралу қарқыны бойынша «қызыл» аймақта орналасқанына қарамастан, өңірде карантин режимін бұзу оқиғалары жалғасуда. «Өткен тәулікте мониторингтік топ Көкшетау қаласындағы «Рубин» мейрамханасында 60 адамның қатасуымен өтіп жатқан үйлену тойының үстінен түсті.
Ал, екінші үйлену тойы «Аристократ» мейрамханасында ұйымдастырылған. Мұндағы тойға 50 адам қатысқан. Карантин талаптарын бұзушыларға қатысты материалдар Ақмола облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды», – деді ведомстводан.
Жалпы жыл басынан бері өңірдегі мониторингтік топтар карантин талаптарын сақтау бойынша әртүрлі меншіктегі 26397 нысанды тексерді. Оның ішінде 569 нысанда карантин талаптары бұзылғандығы анықталды. 604 әкімшілік айыппұл салынса, оның ішінде жалпы сомасы 80 миллион 429 мың 860 теңге құрайтын 588-і қаралды.
Соттарға қарау үшін 14 материал жолданды. «Ақмолалықтарды санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды қатаң сақтауға, бетперде киюге, адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға шақырамыз. Сонымен қатар, коронавируспен күресу үшін карантинді сақтау жеткіліксіз, халықты жаппай вакцинациялау арқылы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды», – деп толықтырды ведомстводан.
Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/karantin-kokshetauda-monitoringtik-top-eki-uylenu-toyyn-toktatty_a3826876