Жаңа оқу жылының басталауына орай Ақмола облысы білім беру жүйесінің сапасын бақылау департаменті аймақта жалпы білім беретін мектептеріне кешенді мониторингті талдау жасады. Жұмыс тобы санитарлық-гигиеналық талаптардың болуы, бейнебақылау жүйелерінің орналасуы және олардың стандарттар мен талаптарға сәйкестігін тексерді,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Мониторинг жұмысының қорытындыларын өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте департамент басшысы Серік Алтаев баяндады.
Оның айтуынша, аймақтағы 551 мектепке кешенді талдау жасалып, бірқатар мектептер стандарттарға сәйкес еместігі анықталған.
Облыс көлеміндегі шалғай ауылдардағы 84 мектепте медициналық көмек көрсету кабинеттері жоқ. Бұндай мектептер негізінен оқушысы аз бастауыш және негізгі мектептер. Оларға медициналық қызмет жасауға шарт жасау ұсынылды,-дейді Серік Алтаев брифингте.
Спикердің сөзінше, облыстың 46 мектебінде тамақтану объектісі жоқ, бұған дейін оқушыларды тамақтандыру ата-аналар қаражаты есебінен ұйымдастырылған.
Облыстың 26 мектептерінде спорт залдары жоқ. 69 мектепте кітапхана жоқ. Мектеп кітапханалары әлемдік көркем әдебиетпен жеткілікті қамтамасыз етілмеген, электрондық кітапхана жоқ.
Мониторинг көрсеткендей, кейбір мектептерде жиһаздарды ауыстыру қажет, сынып тақталарында жарықтар пайда болған,-деді спикер.
Сонымен қатар жүргізілген мониторинг барысында облыс көлеміндегі кейбір білім ордаларында компьютер кластары, зертхана кабинеттері, жабдықтары, оқу кабинеттерінің жетіспеушілігі анықталған.
Бір қуантарлығы, облыс бойынша барлық мектептерде жылы дәретханалар бар. Аймақтың 170 мектебінде жылы дәретханаларда жабық кабиналар жоқ, тек арақабырғалар орнатылған. Облыстың 349 мектебі орталық сумен жабдықталған. 97 мектептің қолдан қазылған өз құдығы бар. 50 мектеп суды сырттан тасиды. 15 мектепте су жеткізуге шарт жасасқан, бұл суды сырттан тасымалдайтын мектептер санының 30 пайызын құрайды,-деді Серік Табылдыұлы .
Орталық кәріз жүйесі 84 мектепте орнатылса, қалған 467 мектепте-септик қазылған. Септиктер мен ағындарды тазалауға келісім-шарт тек 327 мектепте ғана бар.