Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2022 жылдарға арналған оқу жылын дәстүрлі форматта жүргізу туралы тапсырмасына сәйкес, аймақта дайындық жұмыстары басталып кетті. Жаңа оқу жылындағы өзгерістер мен оқу орындарындағы қабылданатын шаралар туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов мәлім етті,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Биылғы жылы мектептердегі «алғашқы қоңырау» шарасы тек бірінші класқа баратындар үшін ғана ұйымдастырылады. Оларға «Әліппе» және «Букварь» оқулықтары салтанатты түрде табыс етіледі. Ал екінші сынып пен он бірінші сыныптар үшін бірінші қыркүйекте кабинеттерде сынып сағаттары өткізіледі.
Барлық мектеп пәндері офлайн форматта, сабақтар 45 минуттан өткізіледі. Аптаның алты күндік оқу режімін әр мектеп басшылығы білім берудің күрделілігіне сәйкес, өзі шешеді. Санитарлық қауіпсіздікті сақтау үшін облыстың барлық мектептері жүз пайыз дезинфекциялық, санитарлық қауіпсіздік құралдарымен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа 115 миллион теңге бөлінді,-дейді басқарма басшысының орынбасары брифинг барысында.
Мектеп, колледждерге, оқу корпустарына, кітапханаларға, жатақханаларға кіру үшін Аshyq қосымшасы пайдалынылады. Оқытушылар мен тәрбиешілер және техникалық қызметкерлердің барлығы осы қосымша арқылы нысанға өткізіледі.