Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев президент Мун Чжэ Иннің шақыруымен Корея Республикасының астанасы Сеул қаласына мемлекеттік сапармен барды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәлидің айтуынша, Қасым-Жомарт Тоқаев пандемия басталғалы бері Оңтүстік Кореяға сапармен келген әлемдік деңгейдегі бірінші көшбасшы.
«Мемлекеттік сапар бағдарламасы аса ауқымды. Ертең, 17 тамыз күні Президент Мун Чжэ Инмен келіссөз өткізу жоспарланған. Онда тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың кең ауқымды мәселелерін қарастырады. Келіссөз қорытындысы бойынша бірқатар екіжақты құжатқа қол қойылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мун Чжэ Инмен бірге Корея бизнесінің жетекшілерімен кездесу өткізеді. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Кореяның ұлттық батыры, өмірінің соңғы жылдарында Қазақстанда тұрған генерал Хон Бом Доны еске алуға арналған іс-шараға қатысып, Отан үшін құрбан болғандардың Монументіне гүл шоғын қояды.
Бұдан кейін Кореяның ірі компанияларының қатысуымен бірқатар екіжақты кездесу өткізеді. Сондай-ақ, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен жүздесу жоспарланған», – деп жазды Берік Уәли.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сеулде Абай ескерткішін ашатыны хабарланған болатын.
Ескерткіштің ашылу рәсімі 16-17 тамызда Тоқаевтың Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында өтеді.