Әлемдегі вакцинаның ең ірі өндірушісі жылына 300 миллион дозаға дейін «Спутник V» шығармақ. Үлкен көлемдегі өндіріс қыркүйек айында Қан сарысуы институтының (Үндістан) күшімен ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews агенттігіне сілтеме жасап.
Бұл туралы Ресейдің тікелей инвестициялар қорында айтылды. Олар өнімді тек Үндістанның өзінде ғана емес, сонымен қатар басқа мемлекеттерге экспорттауға жіберуді жоспарлап отыр. Үндістанның қан сарысуы институты бүгінде «Ковишилд» деп аталатын «Оксфорд-Астразенека» вакцинасын жасауға қатысқан.
«Мұндай серіктестік «Спутникті» әлемде қолданудың тамаша көрсеткіштерін жаңа деңгейге шығарады. Бұл – сенімнің өте маңызды көрінісі. «Спутниктің» кең көлемдегі өндірісі – біздің ковидпен бірлескен күресіміздің негізгі элементі», – деді Ресей тікелей инвестициялар қорының бас директоры Кирилл Дмитриев.
Үндістан осы жылдың мамыр айынан бастап «Спутникті» өндіру бойынша ірі хабқа айналды: Ресей тікелей инвестициялар қоры бірнеше компаниямен келісімдер жасасты. «Спутник V» әлемнің 60-тан астам елінде мақұлданған, дегенмен әу баста олардың көбісі вакцинаны қолданғысы келмеген. Ресейден тыс 9 елде бұл препараттың өндірісі басталды. Осыған орай, Ресей қорының басшылығы қыркүйек-қазан айларында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы «Спутник V» вакцинасын тіркеуі мүмкін деген үміт білдірді.
Әзірге Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, еуропалық реттеуші де ресейлік вакцинаны мойындамай отыр.