ҚР Үкіметінің қаулысымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Грант берудің мақсаты белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын қалыптастыруға бағытталған, жастардың жаңа және қолданыстағы бастамаларын мемлекеттік қолдау», – делінген Үкімет қаулысында.
Грант беру міндеттері: талантты және талапты жастарды қолдау; елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін практикалық қызығушылық танытатын жастардың инновациялық жобалары мен ғылыми-техникалық әзірлемелерін анықтау және қолдау; жастардың жаңа және қолданыстағы стартап-жобаларын іске асыруға жәрдем көрсету; жастар арасында шығармашылық қызметті танымал ету.
Гранттың мөлшері мен санын Үкімет жыл сайын белгілейді. Гранттар ҚР азаматтарына жаңа идеялар мен бастамаларды іске асыру үшін келесі бағыттар бойынша конкурстық негізде беріледі:
«Ғылым» – ғылымның басым секторларында жаңа ғылыми жобалар мен зерттеулерді іске асыру үшін;
«Мәдениет» – Қазақстанның мәдени мұрасын танымал етуге, халықтық мәдени дәстүрлер мен өнерді ілгерілетуге бағытталған жобаларды іске асыру үшін;
«Ақпараттық технологиялар» – жаңа IT-шешімдер мен жобаларды, оның ішінде бастаушы стартап-жобаларды іске асыру және әзірлеу үшін;
«Бизнес» – экономиканың басым секторларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін;
«Медиа» – жаңа медиа-жобаларды, оның ішінде жастар үшін танымдық, пайдалы, қызықты контентті құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін.
Конкурстық өтінімдер мемлекеттік немесе орыс тілдерінде қабылданады және онда төмендегі мәлімет болуы қажет: жобаның сипаттамасы; жобаның бейнепрезентациясы (60 секундтан көп емес); шығындар сметасының жобасы; зияткерлік меншік туралы мәліметтер (бар болса).
Қаулы 2021 жылғы 20 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.