Ақмолада түзету мекемесінде оқитын сотталушылар алты мамандық бойынша колледжде оқуларын тәмамдады. Арасында қызыл дипломмен аяқтағандары да бар, деп хабарлайды «Aqmola News».
Кәсіптік оқыту – жеке тұлғаларды қайта әлеуметтендірудің, оларды бостандықтағы өмірге дайындаудың маңызды сәттерінің бірі.
Жыл сайын екі жүзден астам адам Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің мекемелерінде кәсіби колледждерге оқуға қабылданады, ал облыста ондай колледждер саны үшеу.
ЕЦ-166/4 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде жыл сайын 90-ға жуық сотталған оқиды. Жұмысшы мамандықтарын сотталған студенттер «Тігінші – әмбебап», «Токарь-әмбебап», «Газэлектрдәнекерлеуші», «Автожөндеуші», «Электрик-жөндеуші», «Аспазшы» сияқты 6 мамандық бойынша білім алады.
25 маусым дәстүрлі түрде мемлекеттік емтихандарды тапсырғаннан кейін колонияның плацында білім туралы дипломдарды тапсыруға арналған салтанатты іс-шара өткізілді. «Біздің студенттер мемлекеттік емтихандарды сәтті тапсырды. Биыл студенттер Игорь Дубровский мен Мұрат Макентаев «Дәнекерлеуші» және «Токарь» біліктілігімен қызыл дипломдар алды. Бұл адамдар карантиндік шектеулерге қарамастан жыл бойы аянбай еңбек етіп, емтихандарды өте жақсы тапсырды», – деді «Атбасар қаласының аграрлық-индустриялық колледжі» бөлімінің меңгерушісі Сергей Баций.
Колония басшысының орынбасары Жеңіс Ибраев педагогтар мен түлектерге құттықтау сөз сөйледі: «Әкімшілік атынан және жеке өз атымнан мұғалімдердің еңбегі мен көрсеткен қолдаулары үшін алғыс айтқым келеді, Сіздер өз оқушыларыңызға тек білім беріп қана қоймай, өмірлік тәжірбиелеріңізбен бөлісіп, негізгі өмірлік принциптер мен ережелерді үйретесіздер». «Аграрлық – индустриялық колледж» директоры Владимир Лукин 2020-2021 оқу жылының қорытындысын шығарып, облыстық ҚАЖД ведомствосының басшысына алғыс білдірді.
Оқу жылының аяқталуы туралы бұйрықты оқығаннан кейін кәсіптік колледж бөлімінің меңгерушісі дипломдардың тапсырылатыны туралы хабарлады. Барлығы 82 сотталған оқуды аяқтап, диплом алды, олардың ішінде екеуі үздік диплом алды.