Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Атырау, Ақтөбе, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарының ауыл шаруашылығы саласына қиындық туғызып отырған мәселелерді көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Әсіресе, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында ата-бабамыздан қалған асыл мұраның бірі – төрт түлік малды ұстап отырған шаруашылықтар мен тұрғындар аса ауыр жағдайда. Елде орын алған су тапшылығы мен қуаңшылық жайлымдық жерлердің жағдайын кетірді. Осы жағдай тиісінше малдың шығынына әкелді. 2020 жылы Маңғыстау облысында 4883 мал басының өлімі тіркелсе, биыл бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 1332 бас мал өлген. Бұл мәлімет тек сырғаланған, тіркелген мал шығыны бойынша ғана, ал, облыстағы малдың 56% құрайтын қалың бұқараның қанша малы қырылғаны белгісіз», – деді Е. Жаңбыршин Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярдың атына жолдаған депутаттық сауалында.
Сонымен қатар ол мұндай жағдай Қызылорда облысында да тіркелгенін, 481 бас мал қырылғанын айтты. Осындай жағдай мал азығының бағасын еселеп көтеріп жіберді. Бағаны көтеріп отырған жол шығындары және осыдан пайда көріп қалайын деп отырған делдалдар.
«Осы зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырады, қаншама шаруашылық жер сипап қалды?! Оның есебі бар ма? Осындай жұтта халыққа қалай көмек береміз?! Әрине, халық бірінші кезекте Парламентке, Үкіметке үміт артады. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылық министрлігі және жергілікті атқарушы билік жем-шөп жеткізу, қаржы бөлу сияқты шараларды іске асырып жатыр. Алайда, бұл көмек барлық мал шаруашылығы мен жеке адамдардың мал басын қамтымайды, сондай-ақ жеткізіліп отырған азықтың бағасы қолжетімді болмай тұр. Жалпы, болып жатқан жағдай, әр өңірдің ерекшеліктерін ескерген, ғылыми зерттеулерге негізделген еліміздің мал шаруашылығын дамытуға арналған жүйелі-жоспарлы жұмыстың жоққа жақын екенін айқын көрсетіп отыр. 21 ғасырда космосты игеріп, Австралия мен Канададан асыл тұқымды мал алдырып, дүниенің бәрін цифрландырып жатқанда, малға азық тауып бере алмай жатқанымыз өте ұят!», – деді депутат.
Осыған орай азаматтарға көмек көрсету мақсатында және мал басын аман алып қалу үшін тиісті ұсыныстар жасалды:
1. Қалыптасқан жағдайларға байланысты жұт жайлаған нақты аудандар мен аймақтарда шұғыл түрде жергілікті дәрежедегі төтенше жағдай жарияланып, оларға тиісті бюджеттік көздерден және материалдық қорлардан нақты көмектер көрсетілуі тиіс;
2. Зардап шегіп жатқан аудандарға мал азығын жеткізу үшін көрші облыстардан тасымалданатын мал азығының жол шығындарын субсидиялап, тиісті әкімшілік-басқару шараларын іске асыру қажет;
3. Қуаңшылықтан қиындық көріп отырған өңірлерге басқа облыстардан тез арада мал жаюға және мал азығын дайындауға жер телімдері уақытша пайдалануға беру;
4. Мұндай жағдай алдағы уақытта орын алу ықтималдығын ескеріп, мал шаруашылығымен айналысатын тұлғаларға жедел көмек көрсету, сақтандыру, аймақ аралық қатынастарды жүйелеудің нақты, кешенді механизмдері мен алгоритмдерін жасақтауы тиіс.