«Астана Балет» театрының шығармашылық ұжымы 7 және 8 шілдеде Көкшетауға гастрольдік сапармен келеді. «Көкшетау» Мәдениет үйінде көрсетілетін ұлттық хореографияның үздік үлгілері мен неоклассикалық бір актілі балет Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналады,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Сапар шымылдығы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахридің «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасымен ашылады.
Театрды әйгілеп тұрған бұл бағдарлама ұлттық бояуы қанық би өрнектері мен музыка әуезі арқылы еліміздің ірі қалаларымен қатар, Еуропа және Американың талғампаз көрерменінің жүрегін баурап алған. Ұлттық тақырыптағы миниатюраларда этнографиялық материал мен батыл балетмейстерлік шешімдер үйлесім тапқан,-дейді ұйымдастырушылар.
Театрдың PR қызметінің мәліметінше, қойылымдағы қайталанбас пластикалық өрнектер, ықшамдылық пен мың бұралған бишілердің өнері тамсандырмай қоймайды. Концерттік бағдарлама визуалды-көркем әсерлермен және әсем костюмдермен ерекшеленеді. Эстетика, көздің жауын алар көріністер мен хореографиялық туындының терең мазмұны көрермен жанын жадыратып, көңілінің төрінен орын алады.
Хореографиялық салтанаттың шымылдығы, шақырылған хореограф Рикардо Амаранте қойған, театрымыздың репертуарындағы неоклассикалық қойылыммен жабылады. «A Fuego Lento» («Баяу жалын») балетінде оқиға классикалық қойылымдарға тән сарынмен баяндалмайды. Бұл – махаббат пен құштарлық жайлы балетмейстердің ұшқыр қиялының жемісі. Ғашық жандардың бойын билеген ғаламат сезім суреттелетін туынды. Бұрын-соңды беймәлім ұшқын-сезімнен пайда болған алау бойыңызды баурап алып, төңірегіңізді жалмап әкетер жалынға айналатынын суреттейтін қойылым,-дейді театр әкімшілігінен.
Репертуарының сан-алуандығы мен орындаушылық шеберлігі және сахнаны безендіру сапасы жоғары болғандықтан, «Астана Балет» қойылымдары өз елімізде ғана емес, шет елдерде де ерекше ілтипатпен қабылданады.