Көкшетау қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысының жобасы Regeneron ISEF 2021 Халықаралық ғылым және техника көрмесінде ұсынылды, деп хабарлайды «Aqmola News».
Республикалық ғылыми жобалар байқауының жеңімпазы болған Ілияс Өмірбеков әлемнің 64 елінен келген балалар арасында ел намысын абыроймен қорғады.
Ол аталмыш көрменің «Информатика» секциясында «Ымдау тілінің көрнекі аудармашысы» атты тың жобасын ұсынған.
«Жоба аясында ымдау тілін мәтін мен аудио форматта түсінетін және аударатын, аударманы әлеуметтік мессенджерге жіберетін тестілік қосымша жасалды, – дейді Ілияс.
Ілияс бірнеше жылдан бері бағдарламалаумен айналысып келеді. Робототехникаға қызығушылық танытып, түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарға қатысқан. Аталмыш жобаны дайындауда білім ордасының информатика пәні мұғалімдері Ғалия Бегежаева мен Faizal Bhula жетекшілік еткен.
ISEF 2021 (International Science and Engineering Fair) – бұл бүкіл әлемдегі жоғары сынып оқушыларының ғылыми және инженерлік жобаларының жыл сайынғы байқауы. Байқауды ұйымдастырушы – АҚШ ғылым қоғамы. Биыл 70 жылдық тарихында алғаш рет жарыс пандемия кезінде финалистер мен олардың отбасыларын қорғау үшін виртуалды форматта өткізілді.
Regeneron ISEF 2021 байқауының 1833 финалистерін әлемнің 64 елінен және АҚШ-тың 49 штатынан келген жоғары сынып оқушылары құрады.