Қоржынкөл ауылынның мал жайылатын учаскенің тұсындағы шағын көлге суға шомылмақ болған жігіт абайсызда батып кеткен, – деп хабарлайды «Aqmola News» Ақмола облысының полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ерейментау аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне жиенінің көлге түсіп жазым болғаны жайлы жайсыз хабарды Ерейментау қаласының 49 жастағы тұрғыны жеткізген.
Алдын ала жасалған болжамдар бойынша өлім себебі судағы қауіпсіздік ережесінің сақталмауы болған.
Полицейлер ауа райы күрт ысып кеткендіктен ресми түрде жағажайлар ашылмаса да жұртшылықтың жақын маңдағы су қоймаларына демалуға асығатынын атап өтті.
«Көп жағдайда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырады. Осындай қайғылы оқиғаларға жол бермеу үшін әр апта сайын су қоймаларында профилактикалық рейд және мониторинг шаралары ұйымдастырылуда. Сонымен қатар халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Азаматтарды су қоймаларында сақтық шараларын сақтауға шақырамыз. Әсіресе, балалардың қауіпсіздігіне баса мән берген жөн», – дейді полиция департаментінен.