Сенаттың жалпы отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой шетелдік вакцинаны жеткізу мен отандық фармацевтикалық зауаттарға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Палатаның жалпы отырысында шетелден жеткізілген КВИ-ға қарсы вакцина қымбаттау екені айтылды. Осы орайда шетелдік вакцинаны сатып алу отандық вакцина өндірісіне кері әсер етуі тәуекеліне қатысты сұрақ қойылды. Сенатта келтірілген мәліметке қарағанда, екі компонеттен тұратын Hayat-vax 62,2 доллар, «Спутник» – 26 доллар, отандық QazVac – 9,4 доллар сомасында тұрады. Өз кезегінде министр А. Цой вакцина бойынша белгіленген құн өндірушінің өзі қойған бағамен белгіленгенін атап өтті.
«Бізге қысқа мерзімде Қазақстан нарығында вакцинаның қолжетімдігін қамтамасыз ету және адамдарға таңдау жасауға мүмкіндік беру өте маңызды. Өндірушілермен келіссөздер барысында вакцина жеткізуде тапшылық бар екенін білесіздер, яғни әр өндіруші тиісті лимит қойған. Біздің мақсат – қысқа мерзімде Қазақстан халқын вакцинамен барынша қамтамасыз ету. Сондықтан бұл жұмыстар жүргізіліп жатыр және бұл вакциналар елімізде иммундау бағдарламасымен қамтылған», – деді министр.
Сонымен қатар ол препараттар шығаратын өндіріс алаңдары жұмысына тоқталды.
«Қазіргі кезде өндірістік қуаттар вакцина шығаруға қайта бағдарланды. Бұл өндірістік алаңдар сонымен қатар онкологиялық әрі басқа да ауруларды емдеуге арналған биологиялық препараттарды шығарады. Сондықтан зауыттардың жабылуы проблемасы болмайды. Барлық зауыттар көпфункциялы және препараттардың кеңейтілген тізбегін өндіреді», – деді А. Цой.
«Вакциналаудың өзі бір реттік акция емес, екпе жасау тұрақты жүргізіледі. Бізде 20-дан астам вакцина жыл сайынғы екпе күнтізбесіне енгізілген. Сондықтан Қазақстанда отандық фармацевтикалық индустрияны дамытуға ауқымды әлеует бар», – деді министр.