Алдағы маусым айында Степногор қаласында жылына 5 млн тонна алтын рудасын өндіретін зауыт іске қосылады. Ірі жобанының арқасында 600 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Бұл туралы брифингіде қала әкімі Еркебұлан Баяхметов мәлім етті.
Қала әкімінің айтуынша, жобаны «Ақсу Teсhnology» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алып отыр.
«Ақсу кентінде руда өңдеп, алтын рудасын өндіретін зауыт құрылысы бойынша ірі ауқымды жобаны іске асыру аяқталуға жақын. Осы жобаның арқасында 600 жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Сонымен қатар, «Нефтяной дом Астана Ойл» серіктестігінің қатысуымен «Қазына Капитал Менеджмент» акционерлік қоғамы шағын мұнай өңдеу зауытын жаңғырту бойынша жобаны жүзеге асыруда. Бұл дизель отынын өндіруге және сапасын жақсарутға мүмкіндік береді», – деді Еркебұлан Баяхметов.
Қала әкімі атап өткендей, республикалық Индустрияландыру картасы және Ақмола облысының кәсіпкерлікті дамыту картасының жобалары бойынша Степногорда 19 миллиард теңгенің тауар өнімі өндірілді.