Көкшетауда «Болашақ сарайында» Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына – 2021»фестивалінің ашылу салтанаты өтті. Аймаққа мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова келіп, көкшелік мәдениет өкілдерімен кездесті,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылдан бері тұрақты түрде жыл сайын 21 мамыр – мәдениет пен өнер саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық «Рухани қазына» фестивалін ұйымдастырып келеді.
Бұл айтулы шара Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Сегіз сері сияқты көптеген тұлғалар шыққан киелі Көкше өңірінде тұңғыш рет өтуде.
Республиканың әр аймағынан келген фестиваль жеңімпаздары «Болашақ сарайы» корпустарына экскурсия жасап, Ақмола облысының мәдениет саласы жетістіктерінің көрмесін тамашалады.
Содан соң сарайдың мәжіліс залында Отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен баспасөз конференциясы өткізілді.
Оған Ресей Федерациясының Театр қайраткерлері одағының мүшесі,«Прогресс» ҒТАО арт-менеджмент курстарының оқытушысы Карпанина Евгения Николаевна, – тарих ғылымдарының кандидаты, «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің ғылыми хатшысы Файзуллина Ғалия Шаукетқызы, Назарбаев Университеті кітапханасы директорының міндетін атқарушы Э.Маски стипендиясының иегері (АҚШ) Темірханова Әсемгүл Баубекқызы. «Халық алғысы», «Мәдениет саласының үздігі» мемлекеттік медальдарының иегері, өнертану ғылымдарының магистрі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының директоры Нұрмолдаев Серік Тоқтасынұлы қатысты.
БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз жиынынан соң, салтанат залында көпшілікке Ақмола облысы мәдениет саласының жетістіктері туралы фильм көрсетілді.
Салтанатты ашылу рәсімінде Мәдениет және спорт Министрі Ақтоты Рахметоллақызы Райымқұлова құттықтау сөз сөйлеп, аймақтың мәдениетінің әлеуетін көтеріп жүрген бірқатар еңбек адамдарына министрліктің марапаттарын тапсырды.
Көпшілік алдында министр Көкшетаудың «Қазақстанның мәдени астанасы-2021» статусына ие болғанын жариялады.
Аталмыш фестиваль Көкше өңірінде үш күнге жалғасады.
Жиын соңы өңірдің үздік өнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.