Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туған күнін қалай атап өтеді деген сұраққа ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін азаннан бері бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері хабарласып, «Мемлекет басшысы туған күнін қалай атап өтеді?» деп сұрап жатыр. Бұл жайында былтыр арнайы түсініктеме берген едік. Дегенмен тағы бір мәрте айта кетейік. 17 мамыр әдеттегідей жұмыс күні. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бекітілген кестеге сәйкес жұмыс істейді. Сондықтан ешқандай іс-шара ұйымдастырылмайды, тіпті, Әкімшілік қызметкерлеріне де Президентті құттықтауға рұқсат етілмеді. Мемлекет басшысы үшін бүгін қалыпты жұмыс күні. Оның әулетінде балалардың да, үлкендердің де туған күнін тойлау дәстүрі қалыптаспаған», – деп жазды Берік Уәли желідегі парақшасында.
Сонымен қатар ол Президентке құттықтаулар легі келіп жатқанын жеткізді. «Қазірдің өзінде көрші мемлекеттердің басшылары және Үкімет, Парламент, халықаралық ұйымдардың жетекшілері жүрекжарды тілектерін жеделхаттар арқылы жолдауда, сондай-ақ, телефон шалып құттықтауда. Құттықтаулар толассыз келіп жатыр», – деп толықтырды ол.