«Мэри, соғыс аяқталған соң мен сенің Қазақстаныңа келемін…». Аты аңызға айналған Кеңес Одағының үш дүркін батыры, ұшқыш Иван Кожедубтың әуе механигі болған қазақтың батыр қызы –Мәдина Ысқақованы майдандастары осылай атапты.
Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы Балқашин селосының тумасы Мәдина 17 жасында-ақ өз еркімен сұранып, Көкшетау қаласындағы әскери комиссариат арқылы соғысқа аттанған. Тек Мәдинаның есімі елге мәлім болмай жатқаны алаңдатады. Тіпті, өзі түлеп ұшқан Көкшетауда бірде-бір көше атауының берілмей қалғаны қынжылтады. Осыған дейін облыстық және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып, кезінде жергілікті облыс басшылығынан қолдау тапса да, сол күйі ұмыт қалған. Батыр қыз неге елеусіз қалды?
Иван Кожедубтың борт механигі
Атақты батыр Иван Кожедубтың көмекшісі, ұшқыш қыз Мәдина жайлы жазушы Естай Мырзахметов кітап жазса, белгілі ақын Еркеш Ибрагим поэма жазғаны көпшілік есінде. Мәдинаны еркелететін Иван Кожедуб оны «Мэри» деп ХХ ғасырдың 20-30 жылдарында ел аузында болған америкалық атақты әртіс Мэри Пикфордке ұқсатып атапты. Бойы 154 сантиметр ғана болған шынашақтай қазақ қызы 1942-1945 жылдары қиян-кескі шайқастарда 176 гвардиялық жойғыш әуе полкінде әуе приборлары мен оттегі жабдықтарының шебері және Иван Кожедубтың жеке борт механигі болған. Қаршадай Мәдина ұшақ сынып қалған жағдайда оны жөндеп, ұшуға сақадай-сай етіп әзірлеп отырған.
Қызы Аягөз Шықатаеваның айтуынша, анасы 1924 жылы Сандықтау ауданының Зверевка ауылында имамның отбасында дүниеге келген. Сегіз жылдық мектепті Көкшетау қаласындағы №3 орта мектептен тәмамдапты. Мәдинаның ағалары одан бұрын соғысқа аттанып, ортаншы ағасы Құсайын Халхин Гол ұрысында, ал үлкен ағасы бомбалаушы-ұшқыш Хасен Балтық теңізінің үстінде ұшағы өртеніп, мерт болған. Ағаларынан айырылған Мәдина да елі үшін төлқұжатындағы жасын өзгертіп, соғысқа аттанған. Кемерова қаласында 6 ай ұшқыш оқуын оқыған Мәдина ұшқыштың әуе механигі болып шыға келген.
«Анамның мінезі ұстамды әрі тұйық болды. Елге келгеннен кейін де өзінің соғыстағы өмірі жайлы мүлдем қозғамайтын. Үйге құрметті қонақтар келгенде олармен әңгіме-дүкен кезінде ғана оқтын-оқтын өзі жайлы естіп қалатынбыз. Ол даңқты батыр, майдандағы серіктес досы Иван Кожедуб жайлы толғана әңгімелейтін», – дейді қызы Аягөз Шықатаева.
Екі рет ауыр жараланған
Мәдина Ысқақова соғыста екі мәрте қатты жараланған. Бірақ майданға қайта өз еркімен барыпты. Алғашында әуежайды жау ұшақтары бомбалаған кезде басына снарядтың сынығы тисе, екінші мәрте тізе сүйегіне оқ тиген. Ақсап жүрсе де өзінің әуе полкінен қалмай қайта соғысқан. Сөйтіп, Украина мен Молдованы, Прага, София, Будапешт және Вена қалаларын азат етуге қатысқан. Сондай-ақ Мәскеудегі жеңіс парадына да қатысқан.
Елге келген соң бірнеше жыл әскери трибуналда хатшы болып қызмет атқарып, соғыстан кейінгі қиын кезеңде анасы мен кіші бауырларына көмектесу үшін ауылға оралған. Отбасын құрып, тұрмысқа шыққан. Сауыншы болып еңбек майданына да бел шеше араласады.
Сталин сыйлаған тапаншаны бір қап бидайға айырбастаған…
Дегенмен соғыста алған ауыр жарақаттары жылдар өте келе сыр беріп, батыр қыз сырқаттана бастайды. 1985 жылы салтанатты түрде «Отан соғысы» орденімен марапатталады. Ал бірақ дәл сол жылдың тамызында дүние салады. Мәдина Ысқақова елге Сталиннің өзі сыйлаған қаруымен оралған екен. Бірақ отбасын асырау үшін соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезде тапаншаны бір қап астыққа үшін айырбастап жіберіпті. Ол соғыстан кейінгі кезеңде де соғысқа қатысқан жылдары есепке алынбай, тиісті жеңілдіксіз, аз зейнетақы алған. Ал соғыстағы ерліктері ешкімнің есінде де қалмапты.
«Осыдан жиырма жылдай бұрын туған-туыстары мен елге белгілі тұлғалар Мәдина Ысқақоваға Көкшетау қаласынан көше беру туралы ұсыныс жасады. 2012 жылы «Арқа ажары» газетінде «Халық қаһарманы» атағын беруге де ұсынылды. Анамыздың барлық құжаты мен медальдарын 1968 жылы мұражайға өткізгенбіз. Бірақ, өкінішке қарай тоқсаныншы жылдарда музейде жылыту батареялары жарылып, бүкіл құжатынан айырылдық. Дегенмен мен КСРО қорғаныс министрлігіне арнайы барып, барлық растау құжатын алып, әкімдікке ұсынғанмын. Ал қағазбастылыққа байланған шенеуніктер марапаттары сақталмағандықтан, көше беру мәселесін оңынан шешпеді», – дейді Аягөз Шықатаева.
Батыр қызға көше беру әлі де кейінге қалмақ…
Біз жоғарыдағы мәселені Ақмола облысының Ішкі саясат басқармасының жанындағы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінен білмек болдық. Бөлім басшысының айтуынша, Мәдина Ысқақоваға көше берілмеуіне бірталай себеп кедергі болыпты.
«Президент Әкімшілігінің 2019 жылдың 21 қыркүйегіндегі №19-377-4 хаты негізінде өткен жылдың 1 қаңтарынан 31 желтоқсанына дейін ұлттық санақ жоспарланған еді. Оған сәйкес, барлық көше аттарын ауыстыру кейінге қалдырылған. Ұлттық санаққа елдегі пандемия да елеулі кедергісін тигізді. Ал биыл 1 мамырдан қарашаға дейінгі аралықта ұлттық санақ өткізу үшін тағы көше атауларына өзгеріс енгізуге тыйым салынды. Жалпы, дәл қазір біздің қолымызда Президент Әкімшілігімен келісіліп, бекітілген көше атауы берілуі тиіс 345 адамның тізімі бар. Бірақ олардың арасында Мәдина Ысқақованың есімі жоқ», – дейді бөлім басшысы Айгүл Талпақова.