Көкшетаудағы «Әулет» мектептен тыс жұмыс орталығы 20 жылдық мерейтойын атап өтті. Аталған орталық балалар мен жасөспірімдердің бойындағы шығармашылық қабілеттерін жүзеге асыратын, мамандық таңдауға, жан-жақты дамуына жағдай жасайтын білім ордасы.
3 мыңнан астам жасөспірімдер мектептен тыс жұмыс орталығына барып, өз білімдерін одан әрі саралауға мүмкіндік алады. Мұнда оқушылар түрлі үйірмелерге қатысып өз бақтарын сынай алады.
Орталық директоры Марал Әлжапарованың айтуынша, білім ордасында Балдәурен, Мұрагер, Жұлдыз, Қайнар, Мирас аулалық клубтары жұмыс істейді. Балалардың жеткен жетістіктері мен толағай табыстары «Жұлдызды апта» көрмесінде көрсетіліп, балғындарға одан әрі биікке жетуге шабыт сыйлайды.
Балаларға сапалы білім беру жолында 110 педагог шәкірттерді білім нәрімен сусындатады. Бүгінгі күні мектеп қабырғасында балалар мен жасөспірімдер үшін 10 бағыт бойынша үйірме студиялар қызмет көрсетуде. Атап айтар болсақ балалар өлкетану, сәндік-қолданбалы, көркем-эстетика, әлеуметтік-педагогикалық, техникалық модельдеу, жаратылыстану-математикалық, экологиялық, тілдік және спорттық бағыттар бойынша білім алады.
Сонымен қатар он жылдан бері Көкшетаудағы «Достық» үйінің қолдауымен «Әулет» орталығында «Шаңырақ» тілдерді оқыту клубы өз жұмысын атқаруда. 2020 жылдан бастап орталық базасында мектеп жасына дейінгі балалардың әртүрлі қабілеттерін ашуға көмектесетін «Зерек» ерте дамыту студиясы жұмыс істейді.
Материал «Көкшетау» газетінен алынды.