Бүгінде қоғамда өзге ұлт өкілінің қызына үйленіп, шаңырақ құрып жатқан қазақ жігіттері аз емес. 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі мерекесі күні қазақтың шаңырағының түтінін түтеткен келіндермен әңгімелесуді ұйғардық.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Өз наным-сенімімде қалсам да қазақтың салт дәстүрін құрметтеймін…
Ксения Бонковская 12 жылдан бері қазақтың келіні деген жоғары дәрежелі статусқа ие болған. Поляк ұлтының қызы қазаққа тұрмысқа шыққанына еш өкінбейтінін айтады.
Біз 2009 жылы шаңырақ көтердік. Жолдасым Ерік Есмағамбетов маған күйеуге шығу туралы ұсыныс жасағанда еш қарсылық білдірмедім. «Ол қазақ, мен поляк қызымын, қалай болады?» деген мәселе де ойландырған жоқ. Жақындарымыз да біздің бұл шешімімізге құрметпен қарады. Бүгінде Радмир есімді ұлдың ата-анасымыз,-дейді Ксения әңгімеге тартқанымызда.
Ксенияның айтуынша, аралас некеде әркім өзінің наным-сенімінде қалуға тиіс. Оны өзгертуге тырысып, өзінің ішкі әлеміне өктемдік жүргізуге өзінің де өзгенің де қақысы жоқ. Ең бастысы отбасының бүтіндігін сақтауға тырысып, өмір көшінен қалмаса жеткілікті.
Үйленгенімізде мені ешкім шеттеткен жоқ. Мен де ешкімді жатырқамадым. Әрине, алғашқыда аздап қиындықтар болды. Бірақ оның бәрі бүгінде артта қалды. Адамзат баласын жаратқан Жаратушының бір екенін барлығымыз білеміз ғой. Дегенмен қазаққа тұрмысқа шығып, өз ұстанымдарымды жоғалттым дей алмаймын. Жолдасым өз ұстанымдарымен, мен өз ұстанымдарыммен ғұмыр кешудеміз. Өмірде ең маңыздысы ол емес қой, әрине. Әулетімізде болып тұратын жиын-тойға да ат салысамыз, көмектесеміз,-дейді поляк қызы Ксения.
Біз әңгімеге тартқан екінші жұбымыз Мазденовтар отбасы. Жасқыран мен Разалия бүгінде жарасымды жұпқа айналып, алдына арман-мақсат қойған жастардың бірі.
«Достық үйіндегі» достығымыз махаббатқа ұласты…
Татар қызы Разалияның айтуынша, екеуін тоғыстырған тағдыр ұлы махаббат сезімінен бастау алыпты. Бүгінде олар екеуі де Ақмола облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы «Қоғамдық келісім» сарайында жұмыс істейді. Мазденов Жасқыран мемлекеттік тілді дамыту мақсатындағы жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар мұндағы түрлі этностардың тілін дамыту саласына да күш салады. Ал, Разалия болса, әдістеме бөлімінің жетекшісі.
Мен Степногорск қаласында туып өстім. Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Білім алып, облыс орталығында жұмыс істеу мақсатымен 2015 жылы осында келдім. Мені бірден жұмысқа қабылдады. Бұл жерге қарапайым маман болып жұмыс істей бастадым. Кейін директордың орынбасары қызметінде болдым. Содан соң 2017 жылы Жас қыран да осында жұмысқа келді. Біз «Достық үйінде» танысып, алғашында дос болып жүрдік. Бұл достығымыз махабатқа ұласты,-дейді татар қызы Разалия.
Ең қызығы Жас қыран мен Разалия дәл осы мереке күні танысқан. Сондықтан бұл мереке біз үшін ыстық дейді олар.
Біз сөйтіп 2020 жылы отбасын құрдық. Балалы болсақ деген ниетіміз бар. Біз махаббатымызды ұлтқа бөлмедік. Біз үшін маңыздысы махаббат пен өзара сыйластықты бірінші орынға қойдық. Жолдасымның туыстары мені әдеттегідей қабылдады. Жас қыран маған кейбір қазақ халқына тән дәстүрлерді өзі үйретті десем артық болмас. Бұл тұрғыда мен жолдасымның қолдауына сүйенемін. Бізде қатып қалған қағида жоқ. Кім қай тілде сөйлегісі келсе, өз еркі. Ең бастысы өзара түсінісу деп білеміз. Әулетімізде ислам дініне қатысты барлық мейрамдарды атап өтеміз,-дейді Разалия Булатқызы сұқбат кезінде.
Осылайша, өзге ұлт өкілдерінің бұл қыздары қазақтың түтінін түтетіп, қазақтың ұрпағын тәрбиелеуде. Мұның дұрыс-бұрысын айтып таласуға біздің қақымыз жоқ. Редакция ұжымының атынан оларға отбасы бақыты мен жұптары жазылмауын тілеуге әсте болады деп ойлаймыз.
Тек сөз соңында қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің Софы Сматаевқа айтқан мына бір ақылын еске сала кетуді жөн көрдік:
«Біздің жасаған қателіктерімізді қайталамаңдар. Жоғары оқу орындарында оқып жүргенімізде қазақ қыздары орталау мектепті де бітірмейтін еді. Содан ба «тең теңімен» дегенге әулекіленіп, «қолымыз жеткеніміз» орыс қызына, одан кейінгілеріміз татарға, басқа ұлт бойжеткендеріне үйлендік. Ұлттың ұлт болып ұйытылуы бесіктен басталарына мән бермеппіз. Ал ұлттың ұлылығын сақтау үшін өз жұртыңның аруымен бас қосудың аса қажеттігін кеш сезіп, сан соғып жүрміз. Сендер елден алыста жүрсіңдер. Бүгінде қазағыңның оқыған қаракөздері жеткілікті. Біздің қателігімізді түзетуге тырысыңдар».