Биыл Рамазан айы 13 сәуірде басталады. Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Сәбит ораза кезіндегі орталық мешіт жұмысы туралы айтып берді,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Ақмола облысы 5-сәуірден бастап «қызыл аймақта». Бүгінде мешіт жұмысы қалай жүргізілуде?
Мешіт ашық. Жеке тұлғаларға санитарлық талаптарды сақтай отырып мешітке келіп намаз оқуына болады.
Мешітте жұма намазы оқыла ма?
Жоқ. Жұма намазы да жамағат намазы да әзірге оқылмайды.
Пандемия жағдайындағы Ораза ерекшеліктері туралы айтып өтсеңіз…
Биыл Ораза 13 суірде басталып, 12 мамырда аяқталады. Мешітте ауызашар берілмейді. Өңірдің бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес басқа да қоғамдық орындарда ауызашар беруге тиым салынып отыр. Бас санитарлық дәрігер Айнагүл Мусина Ораза айындағы карантин талаптарын қатаң сақтауға байланысты Үндеу жариялады.
Биыл пітір садақаның көлемі қанша?
Биыл пітір садақа адам басына шаққанда 420 теңгені құрап отыр. Садақа беру үшін мешіттің астыңғы қабатынан арнайы пункт жасақталды. Санитарлық талаптарды сақтап отырып мешітке келіп беруге болады.
Сонымен қатар садақаны «Kaspi.Kz» қосымшасы арқылы онлайн төлеуге де болады.
Ал кәрілігіне немесе денсаулық жағдайына байланысты Ораза ұстай алмаған жағдайда төленетін «Фидия» садақасының бір күндік мөлешері 2500 теңге.