Ерейментау ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және жыр алыбы Жамбылдың туғанына 175 жыл толуына орай «Қазақтың салт-дәстүрі, ата-баба мұрасы» атты ақындар айтысы өтті, деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасына сілтеме жасап.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ата мұра – асыл қазына» жобасы аясында ұйымдастырылған мәдени шараға Ерейментау және Аршалы аудандарынан 10 айтыскер ақын қатысты.
«Бұл жыр додасында Қабдыжәлел Сахария, Қазира Иланқызы, Амангелді Рахимов, Дина Райхан сияқты алдыңғы буын тарланбоз ақындар, сондай-ақ, Еркіншілік ауылдық Мәдениет үйінің ақыны Ерлан Дәулет жетекшілік ететін «Жас қалам» ақындар мектебінің түлектері мен шәкірттері Бахтияр Жепенов, Жаңылжан Жолдымұрат, Сәтттібек Серікболат, Қымбат Боранбай сынды жас ақындар өнер көрсетті. Сонымен қатар, Аршалы ауданының үкілі үміті Құралхан Құрмет өнер сайысын одан әрі жандандыра түсті», – дейді Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасынан.
Бас жүлдені Құралхан Құрмет қанжығасына байлады.
Ал бірінші орынды Қабдыжәлел Сахария (Еркіншілік ауылы), екінші орынды Ерлан Дәулет (Еркіншілік ауылы) және Бахтияр Жепенов (Ерейментау қаласы) өзара бөліссе, үшінші орынға Еркіншілік ауылының өнерлі жас айтыскерлері Сәттібек Серікболат пен Жаңылжан Жолдымұрат лайық деп танылды.
Айтыс қорытындысы бойынша қатысушылар түрлі аталымдар бойынша ұйымдастыру алқасының алғыс хаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.