Атбасар қаласының тұрғыны Санжар Ізбасаров мемлекеттік бағдарлама аясында оқып, өз кәсібін ашты. Алған тәжірбесін киім-кешек сату ісіне бағыттаған жас кәсіпкер алдағы уақыттағы жоспарларымен бөлісті,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Санжардың дүкені «Ерлер әлемі» (Мужской мир) деп аталады. Дүкен өткен аптадан бері ресми ашылып, жұмыс істей бастады. Сауда нүктесінен ерлерге арналған классикалық және күнделікті киімнің түр-түрін кездестіруге болады.
Бұл кәсіпті ашпас бұрын жас жігіт «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы арнайы курстан өтіп, комиссия мүшелері алдында өз бизнес жобасын сәтті қорғап шыққан.
Мен бір іспен шұғылдануды мақсат етіп, қалалық жұмыспен қамту бөлімі мекемесіне бардым. Ондағылар мемлекеттік бағдарлама арқылы оқып, білім алып, өз кәсібіңді ашуға болатынын айтып түсіндірді. Бір айлық оқу курсын аяқтаған соң, бизнес жоспарын әзірлеп, қорғап шықтым. Осылайша мен 500506 теңгелік грантты ұтып алдым,-дейді жас кәсіпкер.
«Ерлер «әлемі» дүкенінің ашылу салтанатына Атбасар ауданының мемлекеттік қызметкерлері келіп қолдау білдірді. Жас әрі болашағы зор кәсіпкерге салық есебі бойынша түсініктемелер берілді.
Көптеген өзім қатарлы жастар өз ісін ашуды армандайды. Алайда, көпшілік үшін басты кедергі-бастапқы капиталдың болмауы. Ал өз бизнесіңді банктен алынған несие қаражаты арқылы іске қосу деген зор тәуекелді қажет етеді. Бұл тұрғыда мемлекет жастарға зор мүмкіндік сыйлап отыр. Мен өз қатарластарымды білім алып, бағын сынап көруге шақырамын,-дейді Санжар.
Еске сала кетсек, жаңа іс бастаған кәсіпкерлерді қолдау үшін мемлекет «Еңбек» бағдарламасын іске қосты, оның шеңберінде 200 АЕК-ке дейін төлемсіз грант алуға болады