Ақмола облысында «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай жүзеге асырылуда. Бағдарлама жүзеге асырыла бастаған 4 жылдың ішінде өңірде 2 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынды, 17 мыңнан астам отбасы баспана мәселесін шешті, деп хабарлайды облыстық ішкі саясат басқармасы.
Ақмола облыстық құрылыс басқармасының дерегі бойынша, өткен жылы облыста 574 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар 7,4 пайызға асыра орындалды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша салынған тұрғын үй санының халықтың жалпы санына қатынасы бойынша республиканың солтүстік және орталық өңірлері арасында көш бастап тұр. Яғни, 737 мың тұрғынға шаққанда 600 мың шаршы метр тұрғын үйді құрайды.
«Ақмола облысында тұрғын үй құрылысы бағдарламасы барлық бағыттар бойынша жүргізіледі: сатып алусыз жалға берілетін тұрғын үй құрылысы, несиелік тұрғын үй құрылысы, жеке тұрғын үй құрылысын дамыту, жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру, квазимемлекеттік сектор субъектілерін тарта отырып, тұрғын үй құрылысы. «Нұрлы жер» аясында «7-20-25», «Шаңырақ» және «Бақытты отбасы» бағдарламалары жүзеге асырылуда», – деп атап өтті облыстық ведомстводан.
Халықтың бірнеше санатын қамтитын бағыттардың бірі – сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салу болып отыр. Жалға берілетін жылжымайтын мүлік көп балалы отбасыларға, толық емес отбасыларға, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, әкімдіктерде кезекте тұрғандарға және жұмыс істейтін жастарға арналған.
Өткен жылы осы бағыт бойынша 12 көппәтерлі тұрғын үй немесе 537 пәтер салынды, оның 186-ы Целиноград ауданы Атбасар, Степногор, Макинск, Есіл, Степняк қалаларынан, Қосшы ауылынан көпбалалы отбасыларға берілді.
2021 жылы облыста бағдарламаның барлық бағыттары бойынша 600 мың шаршы метрден астам тұрғын үй салынады.