Аршалы ауданында көктемгі су тасқыны қаупін болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде. Бүгінде арнайы комиссия өңірдегі су қоймаларын бақылауға алды,-деп хабарлайды «Aqmola News» ақпарат агенттігі.
Су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында Аршалы ауданының әкімі Айдар Байманов арнайы комиссиямен бірге Арнасай ауылдық округіндегі Астана су қоймасына барды.Қазіргі уақытта мұнда 3 м3/с көлемінде су ағызылады, толымдылығы шамамен 70% -ды құрайды.
Ал, Жібек жолы ауылындағы «Безымянная» бөгетінің маңындағы 8 шағын аудан тұрғындарына төнуі мүмкін қауіпті барлау жұмыстары жүргізілді.
Бүгінде су тасқынына қарсы іс-шаралар аясында округтерден қар шығарылып жатыр. Ол үшін арнайы техника жұмылдырылды. Бұдан басқа, «Казводхоз» РМК Ақмола филиалы апат тудыруы мүмкін шлюздердің металл конструкциясын монтаждау жұмыстарын жүргізді,-дейді аудан әкімі Айдар Байманов.
Сондай-ақ, Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Батпақкөл» көлі де тексерілді. Көлге сифондық құбырларының көмегімен су жіберіледі.