Ақмола облысында үздік жас келін анықталды. Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылған «Жақсы келін – ырысың» тақырыбында өткен байқауда келіндер өз шығармашылықтары мен ұлттық дәстүр жайлы білім-біліктерін көрсетті, деп хабарлайды «Aqmola News».
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Көкшетауда «Достар» мәдениет сарайында өткен байқау 4 кезеңде өтті.
Алғашқы кезекте қатысушылар ұлттық киімде ортаға шығып, өз-өздерін таныстырса, Бұдан кейін салт-дәстүр, әдет-ғұрып жөніндегі білімдері сынға түсті. Сұрақтарға жауап беріп, шай беру және ұлттық ет тағамының нанын илей білу біліктіліктерін көрсетті.
Қатысушылар байқауға аса үлкен жауапкершілікпен қарап, үй тапсырмасы бойынша арнайы бейнероликтер түсіріпті. «Қарын бүрме», «Жау жүрек» сияқты ұлттық тағамдар әзірлеп, «көрпе тігу», «моншақ тізіп тоқу» сияқты ұлттық өнерден хабары бар екенін байқатты. Төртінші шешуші кезеңде шығармашылық қырлары сынға түсіп, байқауға қатысушылар көрермендер алдында әндер орындап, би билеп, аспаптарда ойнады.
«Жалпы байқауға өңірдің бес ауданы мен Көкшетау және Степногорск қаласының өкілдері қатысты. Байқауға Қазақстанның еңбек сіңірген әрісі Бисара Мәкенова, Ақмола облысы тарихи-өлкентану музейінің ғылыми қызметкері әрі «Мәдениет саласының үздігі» Алма Құнанбаева, Шахмет Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық драма театрының әртісі Маржан Бөкешовалар қазылық етіп, сахна мәдениеті, әртістік қабілет, ұлттық идеялардың көрініс табуына баса мән берді», – дейді ұйымдастырушылар.
Байқау қорытындысы бойынша Зеренді ауданының өкілі Ақжарқын Сағындықова бас жүлдеге ие болса, бірінші орын Аршалы ауданының намысын қорғаған Рабиға Ыстыбаева еншілесе, Екінші орын атбасарлық келін Әйгерім Қасеноваға, ал үшінші орын көкшетаулық Ақбота Тәшеноваға бұйырды.