Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика-матиматика бағытының 9 сынып оқушысы Мират Жұмағұл болашақ Көкшетаудың макетін құрастырды. Жас өнертапқыш эко-этно стилінде аудан тұрғызып, әсіресе, балалар ойнайтын алаңдарға ұлттық нақышта жан бітірді,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Ол бұл жұмысын республикалық «Дарын» ғылыми-тәжірбиелік орталығы ұйымдастырған байқауда сәтті қорғап шықты.
Белгілі бір проблеманы тауып, оның шешу жолдарын қарастыру – байқаудың басты талаптарының бірі. Мират Жұмағұл бүгінде балалардың ойын алаңдарында қазақ халқынына тән ешқандай ерекшеліктің болмауы алаңдатарлық мәселе екендігін айтады. Жас ғалым өз жобасында осы проблеманы шешу жолдарын қарастырған.
Қаламыздағы әр ғимаратта, әрбір демалыс орталығында ұлттық нақыш сезіліп тұруы тиіс. Әсіресе, «баланы – жастан» демекші бүлдіршіндердің ойын алаңдарында қазақтың құндылықтары көрініс берсе, олар жастайынан соны көңілдеріне тоқып өспей ме? Мысалы «Арба» әткеншегін доңғалақ түрінде жасадық. Себебі доңғалақ арбаның символы. Темірден жасалатын әткеншектің орнына Алтыбақан қойылады. Балалар «карусель», «качели» деген орыс сөздерінің орнына «арба», «алтыбақан», «ертоқым» сияқты сөздерді қолданып, сөйлейді,-дейді жас өнертапқыш Мират Жұмағұл.
Сонымен қатар алаңда қазақтың ұлттық ойындары асық, тоғызқұмалақ ойнайтын орындар салынған.
Мират Жұмағұлдың айтуынша, бұл жұмысты жасауға шамамен екі апта уақыт кеткен. Оқушыға география және тарих пәндерінің мұғалімдері Зауре Қалиева, Гүлжан Жаниенова және Амангелді Қалымтаев көмектескен.
Мираттың жұмысындағы үйлердің үстінде орналасқан күн батареялары күн сәулесінен энергия алады. Көкшетауда ЖЭС болмағандықтан мұндай жаңашылдық бізге өте тиімді. Бұл аудан үлкен ғимараттармен көлегейленбей, керісінше күн сәулесінің дәл астында орналасады. Тербермелі генераторлар орналастырылып, олар қозғалғанда дыбыссыз энергия өндіріледі. Бұқпа тауы мен Қопа көлінен әрдайым жел соғып тұратындықтан, энергияны өндіруде ешқандай қиындық тумайды. Мұның барлығы оқушының өз қиялынан туындаған еңбегінің жемісі,-дейді жетекшісі Амангелді Қалымтаев.
Мираттың айтуынша, әрбір шағын мөлтек ауданындағы тұрғын үй кешенінің ауласында балаларға арналған қазақы стилдегі ойын алаңдарымен қатар, жеткіншіктер үшін футбол алаңдары да салынады. Құмда ойнайтын балалардың төбесінен күн өтпес үшін салынатын саңырауқұлақ тәрізді баспананың орнына қазақтың киіз үйінің шаңырағы орнатылады.
Жобаның тағы бір ерекшелігі алаңдарға қазақтың ұлттық аспабы домбыра қойылады.
Бұл аймақтың барлығы жасыл ағаштармен көгалдандырылып, әсемделеді.