Ақмола облысында «WorldSkills Aqmola – 2021» өңірлік чемпионаты немесе жай ғана «жұмысшы қолдар олимпиадасы» өтеді. Оған облыстың 30 колледжінен 250-ден астам студент қатысады, деп хабарлайды облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.
Наурыздың 18-де басталатын чемпионатқа қатысушылар «Бизнеске арналған ІТ шешімдер», «Мехатроника», «Электрмонтаждау ісі», «Шаштараз ісі», «Аспаз ісі» және басқа да 57 мамандық бойынша бақ сынайды.
Бұлардың арасында «Сити Фермер», «Smart агрономия», «виртуалды және қосылған шындық» тәрізді жаңа мамандықтар бар.
Чемпионатқа алғаш рет Біржан сал атындағы музыкалық колледжі «музыканы оқыту» мамандығы бойынша қатысып отыр.
«Жылдан жылға қатысушылардың географиясы кеңейіп келеді. Биыл «Ветеринария» мамандығы бойынша Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы колледждердің студенттері де қатысуға ниет білдірді. Бұдан бөлек, осы жылы кәсіби шеберлік чемпионатына «Көкшетау университеті» КЕАҚ студенттері мен «Болашақ сарайы» балалар және жасөспірімдер сарайының тәрбиеленушілері қатысады», – деді Ақмола облыстық білім басқармасының баспасөз қызметіндегілер.
WorldSkills – халықаралық коммерциялық емес қозғалыс. Оның мақсаты – әрбір жеке елде, сондай-ақ жалпы әлемде кәсіби шеберлік байқауын ұйымдастыру және өткізу арқылы бүкіл әлемдегі үздік тәжірибелер мен кәсіби стандарттарды үйлестіру арқылы жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және кәсіби білім беруді дамыту.
Білім басқармасының келісімі бойынша 8 колледж анықталды, онда «WorldSkills Aqmola» өңірлік чемпионатының құзыреттері бойынша алаңдар ашылады. Чемпионаттың жылжымалы кестесі 18 наурыздан 15 сәуірге дейін коронавирус инфекциясының алдын алуға байланысты анықталып отыр.
Айта кетейік, ақмолалық колледждер 2015 жылдан бастап осы қозғалысқа белсенді қатысып, жүлделі орындарға ие болып, кәсіби даярлықтың жақсы деңгейін көрсетіп келеді. Ақмола облысының командасы республика бойынша үздік үштікке кіреді.