Халықаралық әйелдер күні қарсаңында Ақмола облысында 30 көпбалалы отбасына газ плиталарын сатып алу үшін сертификат берілді, деп хабарлайды «Aqmola News» «Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Nur Otan» партиясының облыстық филиалында «З0 қайырымды іс» партиясының акциясы және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Nur Otan» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов пен Көкшетау қалалық мәслихатының депутаты, «Көкшетау минералды сулары» АҚ директоры Станислав Максимец Көкшетау қаласының алты және одан да көп балалары бар 30 көпбалалы отбасына ас үй плитасын сатып алуға сертификаттар табыс етті. Партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары шараға қатысқан көпбалалы аналарды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтады.
«Құрметті арулар, үйлеріңізден және жүректеріңізден жылулық кетпесін. Көктем мерекесі сіздерге және сіздердің отбасыларыңызға жақсылық әкелсін»,- деді өз сөзінде Ғалым Бекмағамбетов.
Өз кезегінде аналарда көрсетіліп жатқан көмек қолдауға алғыс білдірді.
«Көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік қолдау шаралары үшін зор алғысымды білдіргім келеді. Бұл атаулы әлеуметтік көмек, кепілдендірілген әлеуметтік пакеттер, мемлекеттік гранттар мен жұмысқа орналастыру», – деді Әсемгүл Махамбетова.
Партия филиалының мәліметінше, мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтары отбасы институтын, көпбалалы аналарды, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және гендерлік теңгерімді қамтамасыз ету болып табылады.
2021 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша Ақмола облысында 9476 көп балалы отбасы тұрады, оның1861 – облыс орталығында.