Экономика ғылымдарының кандидаты, профессор Бауыржан Ысқақов Қазақстан 30 жылда еңсесін тікеп, дербес мемлекет екендігін әлемге паш етіп, бәсекеге қабілетті елдермен терезесін теңестірген мемлекетке айналғанын айтты.
«1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін экономика және саяси реформалар бағытын ұстанып, нарықтық қатынастарға көшті.70 жыл бойы коммунистік партияның құрамында социалистік ел ретінде қалыптассақ, біз бұрынғы кеңестік жүйеден шығып, бағытымызды 180 градусқа өзгерттік. 90 жылдардың басында нарықтық қатынастағы мемлекеттер қатарына кіруді жоспарладық, нәтижесінде елімізде шығарылған заңның барлығы осы нарықтық қасынастар заңдылығына сәйкес жүзеге асырылды.Өзімізде ішкі ресурстардың болмауынан тұралап, дамымай қалған экономиканы алға алып шығатын инвестиция керек болды. Ол инвестицияның бәрі сыртқы мемлекеттерде болды. Сондықтан біз мемлекеттік, халықаралық дәрежемізді, бәсекеге қабілеттілігімізді көрсету үшін түрлі халықаралық ұйымдарға мүше болдық. 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ мүшесі атануымыздың өзі басқа мемлекеттердің біздің экономикамызға инвестиция салуына мүмкіндік берді.
Экономикада даму, өрлеу, құлдырау және тоқтау процесі болады.Экономикамыз нарықтық қатынастарға негізделген болғандықтан, жекешелендіру мәселесін қолға алдық. Мемлекеттің меншігіндегі бүкіл баланс – кәсіпорын, техника, мал-мүлік нарықтың заңына сәйкес жұмыс істесін деп халыққа таратылып берді. Әрине, кемшін тұтар болды. Халық бұған дайын болмады. Нарықтың заңдылықтарын білмеді, қолындағы мүлікті тиімді пайдаланып, көбейту жолдарын білмеді. Сондықтан сол кезде бізде мал шаруашылығы қатты құлдырап кетті.
Бірақ қазіргі таңда бізде кеткен кемшіліктен гөрі жеткен жетістіктер көп. Бізде ұлттық қор деген дүние пайда болды. Болашағымыздың кепілі ретінде мұнайдан, газдан түскен қаражаттың 10%-ы осы қорға аударылып отырады. Бұндай қор әлемнің 4-5 мемлекетінде ғана қалыптасқан. Бұл кез келген уақытта дағдарыс болған жағдайда экономиканы құтқаратын қаражат. Осы ұлттық қорды жақсы қалыптастыра алдық. Еліміздің ЖІӨ-сі осы 30 жыл ішінде 25-26 есе артқан.1992 жылы ЖІӨ үлесі 700 доллардан аз болса, 2019-2020 жылдары 18-19 мың долларға дейін жетті. Осы көрсеткіш бойынша біз Орталық және Шығыс Еуропа елдерімен теңесе бастадық.
Халықтың әл-ауқатының артуы экономиканың дамуымен тығыз байланысты. Орташа жалақы, жәрдемақы, зейнетақының өсуіне, жұмыс орындарын көбейтуге бағытталған жұмыстар көп жүргізілді. Қазақстандық өнімді шығаратын кәсіпорындар ашуға басымдық берілді. Өзіміздің құрылыс компанияларымыз ашылды. Халықтың әл-ауқатының артуы бірқалыпқа түсті. Халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуы, шағын және орта бизнестің жұмыспен қамту үлесі біртіндеп артты. Бұл да экономикалық тұрғыдан тиімді. Мәселен, кейінгі жылдары дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысын 25-30%-дан біртіндеп 100% өсіру жұмысы қолға алынды. Бұл да тәуелсіздіктің арқасы», – дейді экономист.