Облыстық кітапхананың қазығы сонау 1946 жылдың 15 ақпанында облыстық атқару комитетінің шешімімен қалалық орталық кітапханаға Көкшетау облыстық кітапханасы мәртебесі берілген. Жеті адам еңбек еткен кітапхананың кітап қоры ол кезде 7 мың дананы құраған. Қазақ тіліндегі әдебиеттердің саны ол кезде бар болғаны 365 дана болыпты.
«1954 жылы облыстық кітапхана директоры етіп соғыс ардагері Елеусізов Сейтжан Елеусізұлын тағайындалады. Отан үшін от кешкен педагог өзінің елжандылығын әр уақытта да жоғары ұстаған. Облыстық кітапхананың келешегі иығына жүктелген ардагер басшы ұжымның басым бөлігі әйел адамдар болғандықтан, «қайтсем әйелдер жұмысын жеңілдетем»-деген сұраққа жауап іздеп, мүмкіндігінше жағдай жасаған. Москва мәдениет институтының түлегі Белан Александра Ивановнаның кітапханаға басшылық еткен жылдары кітапхананың келбеті түпкілікті өзгереді. Кітапхана тұрақты түрде жетілу мүмкіншілігі бар гуманитарлы-ағартушылық, мәдени-демалыс орталығына айналады. Кітапхананың дамуының жаңа кезеңі 1971 жылдың қазан айынан басталды, өйткені дәл осы мезетте облыстық кітапхана арнайы салынып, күні бүгінге дейін қызмет етіп келе жатқан Абай көшесіндегі 111 үйдегі 300 мың дана кітапқа есептелген типтік ғимаратқа ие болды, – дейді облыстық кітапхананың көпшілік ісшаралар және қоғаммен байланыс бөлімінің меңгерушісі Бостангүл Ерманова.
Кітапханааралық абонемент секторының меңгерушісі болып зейнеткер болғанша еңбек еткен Қастай Хабибуллинаға көп жылғы қажырлы еңбегі үшін «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген кітапханашысы» құрметті атағы беріледі.
1999 жылы Ақмола облысы құрылғаннан кейін, 2000 жылы М. Жұмабаев атындағы кітапханаға облыстық кітапхана мәртебесі қайтып оралды. Сөйтіп, М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы аталып, директоры болып мәдениет саласында үлкен тәжірибесі бар Майра Тсенова тағайындалады. Бұдан кейін мекемеге қызметке келген Салима Жұмабаева, Арман Бердалин, Жансұлу Мұқатаевалар кітапхананың дамуына өз үлестерін қосқан.
Облыстық кітапханада ҚР Ұлттық Кітапханасынан кейін Республика көлемінде бірінші болып Әлемнің екінші ұстазы Әл Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай «Әл-Фараби және оның рухани мұрасы» атты Қазақстан және алыс шетел ғалымдары мен зерттеушілерінің қатысуымен Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Өткен жылы Алтын Ордаға 750 жыл, Абай және Әл Фараби жылы жас оқырмандарды ата-бабаларын құрметтеуге насихаттап, жастардың еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, патриоттық сезімдерін ояту мақсатында бірқатар іс-шаралар өткізілді.
«Кітапханамыздың қандай да бір жетістікке жетіп, нәтижеге ерісуіне директор орынбасарлары Қуаныш Оспан және Галина Савенкованың еңбегі зор. Көп жыл үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар: Аққоян Өмірзақова, бөлім басшылары: Жұмабике Мурзағалиева, Елена Жезлова, Махаббат Ивахина, Наталья Пугачева, Гүлзада Мұхамедкалиева, Сәуле Башарованы мақтанышпен атап өту керек. Шығармашылық құрамның 30 пайызы «Кітапхана үздігі», «Кітапхана ісінің шебері» кәсіби төсбелгілерімен және Мәдениет және Спорт Министрінің грамотасымен марапатталған, – дейді Бостангүл Ерманова.
Биылғы жылы кітапханада жаңа жобалар іске қосылған. «Әдебиет – ар шұғыласы» жобасы, Қазақ әдебиеті мен мәдениетінің дамуына үлкен үлес қосқан жазушылардың шығармаларын насихаттауға бағытталған. Онлайн режимде де жұмыс істейтін болады.
Кітапханада «Өңір мен өмір», «Полиглот», «КЕЛБЕТ», «СТАРАЯ ПЛАСТИНКА», «Оқу лабораториясы» сияқты жобалар жүзеге асырылған. Сонымен қатар тағы да «Емші кітап» («Доктор книга») жобасы жақында өз жұмысын бастайтын болады. Кітапханада сонымен қатар «Бір ел – бір кітап» акциясының аясында да балаларға арналып жоспарланған жұмыстары көп.
75 жылдық тарихы бар киелі шаңырақ зымыраған өмірдің ағысынан қалмай, заманның талабына сай өсіп, жасарып, дамып келеді. Балаларға арналған «Шамшырақ» коворкинг орталығы және үлкендерге арналған «Оқу орталығы» коворкинг орталығы, «Рухани жаңғыру» орталығы, «Парасат жолы» орталығы, Мағжан Жұмабаевқа арналған бұрыш кітапханада өз үйлесімін тапқан.