Ақмола облысында бірнеше күн үйіне келмеген 20 жастағы жігіттің компьютерлік ойын ойнап жүргені анықталды, деп хабарлайды, деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, биылғы жылғы 23 қаңтарда Бұланды аудандық полиция бөліміне 43 жастағы жергілікті тұрғыннан арыз түскен.
Әйелдің айтуынша, оның 20 жастағы ұлы екі күн бұрын күндіз үйінен кетіп, кейін қайтып оралмаған. Ол ұлының қайда жүргенін білмейді. Осыған байланысты тәртіп сақшылары, жедел іздестіру шарасын қолға алып, қонақ үйлерді, жалдамалы пәтерлерді, қараусыз қалған құрылыстарды, құрылыс алаңдарын, кәріз коллекторларын, гараж кооперативтерін, саяжай алаптарын тексерді, сондай-ақ, жолаушы тасымалымен айналысатын қоғамдық көліктер мен такси жүргізушілерінен сұрастырды.
«Іздестіру шараларының барысында жоғалған жігіт Щучинск қаласындағы қонақ үйлердің бірінде орналасқаны анықталды. Жігіттің түсіндіруінше, ол жұмыс іздеп, ұялы телефонын сатқан. Кейін ол ақшаға ойын приставкасын сатып алып, компьютерлік ойындарды ойнаған. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін полицейлер жас жігітпен профилактикалық әңгіме өткізді», – деді ведомстводан.
Осы ретте, тәртіп сақшылары ақмолалықтарға үйінен ұзақ уақытқа кетер кезде туыстары мен жақындарына ескертуді ұмытпауға шақырады.