Щучинскідегі жол апаты салдарынан қаза тапқан екі полицейге қатысты іс сотқа жіберілді. Ақмола облыстық сотының баспасөз қызметі басты сот талқылауы 25 қаңтарда Бурабай аудандық сотында болатынын хабарлады.
Айыпталушы – 25 жастағы Сергей Воронцов. Ол 2020 жылдың қазан айында мас күйінде көлік айдап, екі полицейді қағып өлтірген болатын.
Сергей Воронцовқа Қылмыстық кодекстің 200-бабы, 3-бөлігі және 346-баптың 2, 3, 6-бөліктері бойынша айып тағылды.
Еске сала кетейік, қайғылы оқиға 2020 жылдың 15 қазанында болды.
Щучинск қаласындағы Абылайхан және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы «Мебелин» дүкенінің жанында жол апаты болып, Lexus NX20 көлігінің жүргізушісі Бурабай аудандық полиция бөліміне тиесілі Lada-21214 қызметтік көлігіне соқтығысқан.
Жол апаты салдарынан полиция қызметкерлері – Қанат Хамидуллин мен Қанат Отарбаев көз жұмды. Полиция капитаны Қанат Айдарбекұлы Отарбаев ішкі істер органдарында 16 жыл қызмет еткен. Қызметтік міндетін адал атқарғаны үшін 22 рет көтермеленген. Артында жұбайы мен үш баласы қалды, олардың ең кішісі 3 жаста.
Полиция капитаны Қанат Болатұлы Хамидуллин ішкі істер органдарында 12 жыл қызмет еткен және осы уақыт ішінде 23 рет көтермеленген. Марқұмның артында жүкті әйелі мен жеті жасар ұлы қалды.