Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстан Православ шіркеуінің жоғары наградасы – «Алғыс» ордені табыс етілді, деп хабарлайды «Aqmola News» Elbasy.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстан Православ шіркеуінің басшысы, Астана және Қазақстан митрополиті Александр Қазақстанның Тұңғыш Президентіне «Алғыс» орденін табыс етіп, Елбасының еліміздегі дінаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.
«Сіз Қазақстанның өркендеуі жолында көп шаруа атқардыңыз. Ең бастысы – дінаралық татулық пен ұлтаралық келісім. Бұл – халыққа жайлы, берекелі және жақсы өмір сүруге, мемлекеттің дамуына мүмкіндік беретін қос тірегіміз. Қалың көпшіліктің атынан Сізге зор алғыс айтуға рұқсат етіңіз. Сіз бар ғұмырыңызды туған жерге қызмет етуге арнадыңыз», – деді Астана және Қазақстан митрополиті.
Нұрсұлтан Назарбаев митрополит Александрға дінаралық және этносаралық татулық пен келісімді сақтау ісіне сіңірген еңбегіне жоғары баға бергені үшін ризашылығын білдірді.
«Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап біз толеранттылықты, барлық этностар және діни конфессиялар достығы мен сенімін нығайту саясатын ұстандық. Бірлік пен достық – тұрақтылық пен дамудың кепілі», – деді Қазастанның Тұңғыш Президенті.
Елбасы православ христиандарын және барша қазақстандықтарды Рождество мерекесімен құттықтады.
«Қазақстанның барлық православ христиандарын Рождество мерекесімен құттықтаймын. Олар еліміздің дамуына, достық пен тұрақтылықты нығайтуға зор үлес қосып жатыр. Баршаңызға игілік, көтеріңкі көңіл-күй және отбасы бақытын тілеймін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті қазіргі уақытта татулық, тыныштық пен келісім Қазақстан қоғамының ажырамас бөлігі екенін атап өтті.
«Коронавирус індеті күллі әлемге тарады. Біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Алайда бірліктің арқасында біз қазіргі қиындықтарды еңсеріп жатырмыз. Бұл сынақтардан сүрінбей өтетінімізге кәміл сенемін», – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды алдағы Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауына белсене қатысуға шақырды.
«Сайлау – болашақ дамуымызды айқындайтын елеулі оқиға. Барлық қазақстандықтарды сайлауға қатысуға және Қазақстанның өркендеуін, еліміздің алға қадам басуын, дінаралық келісімді, достық пен бауырластықты, барлық этностар мен халықтардың өзара түсіністігін нығайтуды қамтамасыз ететін бағдарламаны таңдауға шақырамын», – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.