Қарағанды облысында «ADAL» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Олжас Ордабаев пен Ақмарал Бекмырзаеваның жергілікті тұрғындармен кездесулері өтті, деп хабарлайды Орталық сайлау комиссиясы.
Партия өкілдері Осакаров ауданының агроөнеркәсіптік секторының жұмысшыларымен, Теміртау қаласының студенттерімен және бизнесмендерімен, Қарағанды жұртшылығымен, сондай-ақ Шахтер астанасының жастарымен және педагогтарымен кездесті.
Осакаров ауданындағы кездесу партия бағдарламасын түсіндіруден және азаматтар үшін қолжетімді сервистермен танысудан басталды. Ашық диалог барысында кент тұрғындары өзекті мәселелер: жолдардың қанағаттанарлықсыз жағдайы, сумен жабдықтау және электр қуатының үзілуі туралы айтты. Сонымен қатар, тұрғындар жайылымдық жерлердің жетіспеушілігіне шағымданды.
Теміртау қаласында да кездесу белсенді өтті. Металлургтер қаласының кәсіпкерлері партиялықтарға санитарлық және құқық қорғау қызметтерін «жазалау» тексерулеріне және мемлекеттік сатып алу ережелерінің жетілдірілмегендігіне шағымданды.
Қарағандыда жұртшылық өкілдерімен кездесу онлайн форматта өтті. Оған Қарағанды облысының барлық аудандары мен моноқалаларынан 200-ге жуық адам қатысты.
Сондай-ақ, бейнеконференция барысында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жұмысшылары: металлургтер мен шахтерлер үшін зейнетақы жасын төмендету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жиналғандарды экология мәселелері толғандырды.
Шахтер аймағы бойынша жұмыс сапарының бірінші күнінің соңында «ADAL» партиясының өкілдері Қарағанды жоғары техникалық колледжінің студенттері мен педагогтарымен кездесті. Жастармен әңгімелесу барысында түлектерді жұмысқа орналастыру мәселелері айтылды. Партия өкілдері бұл мәселені шешу үшін ұсынылатын құралдар туралы айтып берді.
Орталық Сайлау комиссиясы материалдары бойынша алынды.