Көкшетауда Тұңғыш Президент күніне орай жаңа әлеуметтік павильондар пайда болды деп хабарлайды «Aqmola News». Бұл туралы «Kokshe» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан мәлім етті.
«Kokshe Market» атты жаңа форматтағы сауда павильондарын Тұңғыш Президент күнінде облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың қолдауымен ашты.
Заманауи стильде жасалған әлеуметтік павильондар қаланың шеткі аудандарында тұрғындарға қызмет ететін болады. Мұнда көкшеліктер ақмолалық тауар өндірушілерінің өнімдерін қолайлы бағада сатып алуға мүмкіндік алды.
Дүкендерде «Бижан», «Гормолзавод», «Айна сауда үйі», «Көкшетау нан зауыты», «Курочка Ряба», «Ақсай нан», және басқа да тауар өндірушілерінің өнімдері қойылған. Мұнда тауарлар еш делдалсыз түседі. Бірнеше апта бұрын Қасым-Жомарт Тоқаев пандемияның екінші толқынына әзірлік кезінде әлеуметтік маңызды тауарлар бойынша азық-түлік қауіпсіздігі мен баға жайлы мәселені атап өткен.
Өңірлердің әкіміне уақытында азық-түлік тауарларының жеткілікті қорын қалыптастырып, қажетті көлемде тұрақтандыру қорын құру, сонымен қатар бағаны ұстау үшін басқа да тәсілдерді қолдану қажет, – деп атап өтті Мемлекет басшысы. ,
Жаңа павильонда қала тұрғындары Ақмола облысының тұрақтандыру қорындағы өнімдерді яғни ұн, күріш, май, қант және тағы да басқа өнімдерді сатып ала алады.
«Kokshe Market» павильондар желілері одан әрі кеңейтілу жоспарланған. Павильондардың біреуі Центральный шағын ауданы 32 мекенжайында, екіншісі Васильков шағын ауданындағы №17 орта мектебіне қарама-қарсы орналасқан.