Атбасар қаласында 140 орындық «Арай» мектепке дейінгі мекеме ашылды,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Заманауи жабдықтар қойылған балабақша ата-аналар мен бүлдіршіндер үшін көптен күткен қуаныш еді…
Балабақшаның салтанатты ашылу рәсіміне Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов және «Saba-16» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Б.Ризан қатысты.
Балабақшаның ашылуы аудан тынысындағы айтулы оқиға. Мекеменің қолданысқа берілуіне «Saba-16» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне зор рахмет айтамыз. Бұл аймақтағы балабақша кезегін қамтамасыз етіп, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлап отыр,-деп атап өтті аудан әкімі құттықтау сөзінде.
Нысанның ашылуына арналған қызыл лентасын қию рәсімінен соң, келушілер балабақша ішін аралап көрді.
Мұнда 6 топқа арналған кең әрі жарық бөлмелер жабдықталған. Балалар жастарына байланысты лайықталған әр топтарда ұйықтау бөлмесі, дәретхана және қабылдау бөлмелері бар.
Жап-жаңа жиһаздар қойылған медициналық бекет, қазіргі заманға сай музыка залы да қарастырылған.
Балабақша жұмыскерлерінің қатары көбейіп, 38 жұмыс орны құрылды.
Балабақшаның ішкі жұмыстарының авторы дизайнер А. Батованың айтуынша, әр топтың қабырғаларына балаларға қуаныш сыйлайтын, олардың ой-өрістерін жетілдіретін суреттер салынған.
Балабақша – балаларды жан-жақты дамытатын мекеме. Сондықтан кірген сәттен бастап балаларға әсер етуі тиіс,-дейді дизайнер.
Балабақшаның білім беру бағдарламасы мектеп жасына дейінгі балалардың интеллектуалды дамуына, олардың денсаулығын жақсартуға және оларға көркемдік-эстетикалық тәрбие беруге бағытталған.