Бұланды ауданының Капитоновка ауылында апатты жағдайдағы баспаналарда тұрған көп балалы екі отбасы жергілікті шаруашылық серіктестігінің қолдауымен баспаналы болды, деп хабарлайды «Aqmola News» Бұланды ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Капитоновка ауылының тұрғындары Сергей Чумаков пен Константин Биниман «Журавлевка-1» серіктестігінде көп жылдан бері жұмыс істейді. Олар тұрып жатқан үйлері тар әрі апатты жағдайдағы үй болғандықтан, ауыл әкімшілігінен, серіктестік басшылығынан көмек сұрап, бірнеше рет өтініш білдіріпті.
Бұл көпбалалы отбасылардың өтініштеріне бей-жай қарай алмаған серіктестік құрылтайшысы Құдайбергенов Ғалым Құлжанұлының шешімімен өз жұмыскерлерінің жайлы жағдайда өмір сүруіне қолдау көрсету үшін екі үй сатып алынды. Қазіргі таңда, үйлерге су кіргізіліп, толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Салтанатты түрде үй кілттерін табыстаған аудан әкімінің орынбасары Кенжебике Исмағамбетова мен серіктестіктің атқарушы директоры Тимур Андаров үй иелерін қуанышты сәттерімен құттықтап, оларға зор денсаулық, отбасылық амандық тіледі.
Өз кезегінде, үй иелері осындай кең, жарық және жайлы тұрғын үйге қол жеткізгені үшін «Журавлевка-1» басшылығына зор алғысын білдірді.
Қазіргі таңда ауданда 478 көпбалалы отбасы бар. 2019 жылы ауданда 15 көпбалалы отбасы, оның 5-і ауылдық округтерде тұрғын үйге қол жеткізсе, осы жылы Макинск қаласының 42 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтылған.
Сонымен қатар, жоғарыда аталған «Журавлевка-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл тұрғындарының ауылдан кетпеуіне, мектеп бітірушілердің оқу оқып қайтадан ауылға келуіне қолайлы жағдай жасап, жұмысқа орналастырып, тұрғын үймен қамтамасыз етіп отырғанын ерекше атап өткен жөн. Серіктестіктің көмегімен Капитоновка ауылында өзекті мәселе болған ауыз су мәселесі шешіліп, жолдар жөнделіп, спорттық алаң салынып, ауылдық Мәдениет үйінде жаттығу залын ашу жоспарлануда, дейді аудан әкімдігінен.