Шортанды ауданында ауыл тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету тұрғысында проблемалық мәселелер бары белгілі. Әсіресе, Төңкеріс, Петровка, Раевка, Егемен-Гуляй-поле ауылдарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету күн тәртібінде тұрған мәселелер.Өңірдегі сапалы ауыз суға қатысты аудан әкімі Ғайдар Қасенов біраз жобалардың іске асып жатқандығын жеткізді,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Төңкеріс, Петровка, Раевка, Егемен-Гуляй-поле ауылдарындағы үйлерлің барлығын орталықтандырылған су жүйесіне қосылған деуге келмейді.
Бүгінде ауыл тұрғындары көбінесе ауыз суды жер астынан тартылған құдықтан алады. Аталған ауылдардың кейбірінде орталықтандырылған су жүйелері орнатылған. Бұл жүйеге қосылу үшін тұрғындар біраз қадамдардан өтуге тиіс.
Ғайдар Қасеновтың айтуынша, тұрғындардың су мәселесі жөніндегі өтініштерімен әкімшілік және жер қатынастары комитеті және «Шортанды Су» серіктестіктері айналысады.
Жүйеге қосылуға ниетті тұрғындар алғашқы жарнаны төлеп қосылған соң, ай сайынғы төлем ақыны да уақтылы төлеп отыруға міндетті.
Бірақ бұл үшін барлығының бірдей шамасы жете бермейтіндігі мәлім. Дегенмен бұл мәселелерді шешуге мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде біраз жобалар қолға алынған.
Республикалық бюджеттен бөлінген қаражаттың арқасында Петровка ауылының қолданыстағы су құбырлары жөнделді. Бұл мақсатқа 218 миллион теңге жұмсалды. Ал, Төңкеріс ауылын да сумен жабдықтау үшін ілкімді жобалар қолға алынуда. Аталған ауылдардың барлығын да сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін жұмыстар жоспарланған,-деді аудан әкімі баспасөз мәслихатында.
Аймақ басшысы ауыз суға қатысты мәселелерді әкімшілік өз бақылауында ұстайтындығын айта кетті.
Олай болса, ауыл халқының басым бөлігі таза су ішетін күні алыс емес деп ойлаймыз.