Көкшетау әуежайында әскери киім киген ерлердің арасында әйел затын да кездестіруге болады. Олар ер азаматтармен қатар демалыссыз күні-түні еңбек етіп жүр. Жігіттердің кәсібін иемденген нәзік жандылардың алға қойған мақсаты айқын, қадамдары нық. Өжет және қайратты азаматшалар әйел затына тән мінез-құлықтарын жоғалтпауға тырысуда.
Жақында біз «Көкшетау» шекаралық бақылау бөлімшесінің сұлу да сымбатты қызметкерін әңгімеге тарттық. Әңгіме барысында «Бүркіт» ЕИС технигі Тахмина Олеговнаның осындай мамандықты неліктен таңдағанын және қызмет барысында кездесетін тығырықтар, одан шығу жолдары туралы білген болатынбыз. Ол мемлекеттік шекара қызметінде 2008 жылдың 27 қарашасынан бастап жұмыс істейді. Биыл осы салада тер төгіп жүргеніне 12 жыл болады екен. Тахмина келісім шарт бойынша 2095 әскери бөлімшесінің «Ақтау-морпорт» шекаралық бақылау бөлімшесіне әскери қызметке шақырылады.
2015 жылы отбасы жағдайына байланысты Астана қаласының 2014 әскери бөлімшесіне ауысады, ал 2016 жылдан бастап «Көкшетау» шекаралық бақылау бөлімшесінде келісім шарт бойынша әскери қызметке шақырылады.
Тұрмыс құрған, 2 баласы бар. Тахмина Олеговна бұл мамандықты әскери киім киюді армандағандықтан таңдаған. Әскер адамды ұйымшылдыққа, тәртіпке үйретеді. Бұл жерде байбаламға жол жоқ. Адамның бойындағы жақсы қасиеттер көріне бастады. Алайда, жеке басқа, отбасыға, бала-шағаға бөлінетін уақыт өте тапшы. Бірақ, уақыт өте келе адам бұл тәртіпке де үйрене бастайды!