Бүгін Ш. Құсайынов атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері, «Көкшетау қаласының құрметті азаматы» Жібек Бағысованың туған күні. Саналы ғұмырының жартысынан көбін театр өнеріне арнаған сахна саңлағы 80 жасқа толды,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Алтынның буынан жаралып, хан жайлауында кіндік қаны тамған, Бурабайдың мөлдір бұлағынан сусындап, миялы жемісін жеп өскен біздің аяулы апамыз!
Балапан қайыңдай бойжетіп, тасқа біткен шынардай шыңдалып, Көкшенің көкке ұмтылған көк қарағайындай зор арманы мен Оқжетпестей ұшқыр қиялы алыстарға жетелеген біздің асыл апамыз!
Талдықорған театрынан бастау алып, Қызылорда театрында кемеліне келген табиғи дарын иесі, кешегі Сабира, Бикен, Фаридалардың көзін көріп, солардың ізімен киелі сахнада біртұтас Аналар галереясын жасаған біздің талантты апамыз!
Сын сағатта елдің туын жықпай, балапандарын ертіп, жұбын жазбай Көкшенің өнер айдынына аққу құстай қайта оралып қонған, сахнада Дара бола білген, жас ұжымға үлкен жүректі Ана бола білген, кең пейілді Пана бола білген біздің ардақты апамыз! Біз Сізбен мақтанамыз, Сізбен бірге шаттанамыз! Сеңгірлі 80 жасыңыз құтты болсын! Әлі талай жылдар бойы сахнадан сыр ақтарып, ұлт үшін ұлағатты іс атқарып, елдің қошемет-құрметіне бөленіп, жүз жасаңыз!-деп жүрек жарды тілегін арнайды Ақмола облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің басшысы Марал Жақыпова.
Жібек Есекейқызы Бағысова 1940 жылы 8 қазанда Ақмола облысында дүниеге келген. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанындағы әншілік-хор студиясын тәмамдаған.