Ел аймақтарында жыл сайын қазан айының екінші жексенбісінде атап өтілетін Мүгедектігі бар тұлғалар күніне орай бірқатар іс-шара өткізіледі. Осы айдың ортасына дейін ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін денсаулықтарын, тұрмыстық жағдайларын жақсартуға және тағы басқа бағыттарға арналған акциялар ұйымдатырылатын болады.
Ол үшін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арнайы іс-шаралар жоспарын әзірледі. Олар, вице-министр Ерлан Әукеновтің айтуынша, мерекелік және салтанатты іс-шараларды, қайырымдылық қол ұшын созуды және басқа да акцияларды қамтиды.
Барлық іс-шаралар міндетті түрде әлеуметтік арақашықтықты және карантиндік қауіпсіздік шараларын сақтай отырып өткізіледі. Мысалы, медициналық-әлеуметтік мекемелерде және дәрігерлік амбулаторияларда мүгедектігі бар тұлғаларға онлайн режимде «Ашық есік күндері» өтуде. Қажет болса, денсаулықты тексеру үйде қолға алынады.
Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар мүмкіндігі шектеулі жандар тұратын отбасылардың тұрмыстық жағдайына зер салып, оларға әлеуметтік мәселелерді шешуде қажетті көмек көрсетіледі.
Сонымен қатар, қайырымдылық акциялары аясында мүгедектігі бар ауыр науқас азаматтарға бару жоспарланған, оларға азық-түлік себеттері беріледі. Бұдан тыс, мүгедектігі бар адамдарға күтім жасайтын отбасыларға қайырымдылық көмек көрсетіледі.
Вице-министр мүгедектердің өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс Қазақстан Республикасында 2025 жылға дейін мүгедектердің құқығын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспар шеңберінде кешенді түрде жүргізіліп жатқанын атап өтті. Мәселен, мүгедектігі бар жандардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қолданыстағы заңнамаға түзетулер әзірленді (24 заңнамалық акті мен 3 кодекске).
Осы санаттағы азаматтарды белсенді жұмысқа тарту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта мүгедектігі бар тұлғаларды одан әрі жұмысқа орналастыру үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту жүргізілуде. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар 120 адам IT мамандықтары бойынша білім алуда. Бизнесте жүрген немесе стартап-жобаларға ие мүгедектігі бар адамдарға акселерация, ауқымды кеңейту, бизнес-тәлімгерлік, оқыту, жаңа нарықтарға шығуға көмектесу мақсатында жәрдем жасалады.
Сонымен бірге, ағымдағы жылдың қараша айында мүгедектігі бар адамдарға арналған Мамандықтар атласын әзірлеу аяқталады. Бұл жұмыс берушілерге, жұмыспен қамту орталықтарына және жеке HR-агенттіктерге, шектеу түріне байланысты қолайлы бос жұмыс орындарын іріктеуге, Электронды еңбек биржасы арқылы бос жұмыс орындарын таңдауды автоматтандыруға мүмкіндік береді.