Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасын бақылау департаментінің мамандары мен «Ақмола облысының формацевтикалық қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен блогерлердің қатысуымен Көкшетау дәріханаларына мониторинг жүргізілді. Мақсат – пандемия кезеңіндегі коронавирус инфекциясын емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің қолда бар жоғын анықтау,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Мобильді топ Көкшетаудағы екі дәріхана мен «Анелия» , «Пульс», «Арша» сияқты дәріхана желілерінде болды.
Тексеріс нәтижесінде фармацевтикалық қызметтің барлық объектілерінде қажетті дәрілік заттардың жеткілікті екендігі белгілі болды.
Әсіресе, көп тұтынатын сұранысқа ие парацетамол, ацетилсалицил қышқылы, тромбопол, кардиомагнил, аспирин, аналгин сияқты дәрілер аймақтағы барлық дәріханаларда сатылымда бар.
Сонымен қатар дәріханалар сөрелерінен вирусқа қарсы препараттардың барлық түрлері табылды.
Мобильді топ мүшелерінің айтуынша, қала дәріханаларында дәрумендердің барлық түрлері және дене қызуын өлшейтін термометрдің электрондық түрі де қолжетімді бағада саудалануда.
Дәл қазіргі уақытта аймақта маска тапшылығы жоқ.
ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес балаларға және үлкендерге арналған маскалардың бір данасы 85 теңгеден сатылуда.