Ақмола облысындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандар қатары едәуір азайған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина мәлім етті, – деп хабарлайды «Aqmola News».
«Егер біз барлық карантин шараларын ойдағыдай сақттасақ коронавирустың екінші толқыны болмауы да мүмкін. Сондықтан, мен әр кез қайталайтын ұсыныстарды есте ұстап, медициналық масканы тағып жүрген жөн, – дейді Айнагүл Мусина.
Дегенмен бас санитардың айтуынша, халық ауруды ұмытып, маска тақпауды әдетке айналдырған. Ол әкімшілік жазаның да бар екендігін еске салды
«Карантин шектеулерін бұзған жеке тұлғаларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл қарастырылған, – дейді Айнагүл Мусина.
Облыстың бас санитар дәрігерінің мәліметінше шілденің басынан бастап-ақ, 500-ден астам әкімшілік материалдар толтырылған. Айыппұл көлемі 40 миллион теңгеге жуықтаған. Тек осы демалыс күндері ғана қоғамдық тамақтану орындары мен үйлерде 10 бұқаралық шаралар ұйымдастырылғаны анықталды. Дегенмен, өткен аптамен салыстырғанда вирус жұқтырғандардың қатары 1,3 есеге төмендеген.
«Соңғы аптада 16 адам коронавирус жұқтырған. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 1,3 есе төмен. Күнделікті өсім 0,1 пайызды құрады. Өткен тәулікте төрт адам жұқтырған. Жалпы пандемия кезінде облыста 3468 адам коронавирус инфекциясына шалдыққан. Олардың 40 пайызы симптомды белгілері болды. Сондай-ақ, 1 тамыздан бері вирустық пневмония науқастары тіркелді, – деді бас санитар дәрігер.