Ақмола облысының Астрахан ауданындағы «Камышенка» сүт тауарлары фермасы мал басын өсіре отырып, сүт өнімдерін көбейтуді көздеп отыр. Аталған мақсатта мал ұстайтын жаңа қора салынып, Украинадан Голштин тұқымды сүтті 400 бас ірі қара мал сатып алынды, – деп хабарлайды «Aqmola News».
Аталған мақсатқа аграрлық несие корпорациясынан 505 миллион теңге бөлінген.
Қазір сүтті тауар фермасында шамамен жылына 70 мың литрге жуық сүт шығарылады. Енді осыдан кейін Елордаға жеткізілетін сүт көлемі екі-үш есеге дейін өспек. Біз аталған мақсатта малдың тұқымын жақсарту үшін Украинадан сиырлар сатып әкелдік. Жалпы жас малдарды қосқанда мал басы екі мыңнан асты. Қазір 1600 бас болса, тағы 400 бас жеткізіледі, – дейді «Камышенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дүйсембай Ілдебаев.
Қазір Украинадан 220 бас сиыр жеткізілген. Қалғаны кейін әкелінбек. Сиырлар жеткізілгеннен кейін отыз күн карантинге қойылып, түрлі аурулардың бар-жоғы тексеріледі.
Шаруашылық серіктестігі өндірісті кеңейтуге арналған қарызды «Агарарлық несие корпорациясынан алған. Фермаға мал алудан бөлек мал ұстайтын қора-қопсы салуға да қарыз алған. Жақында құрылыс жұмыстары да аяқталмақ.
«Камышенка» сүт тауарлары фермасын кеңейту жобасын осы жылдың тамызында қаржыландырдық. Аталған мақсатқа фермаға 505 миллион теңге бөлінді, – дейді Аграрлық несие корпорациясының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының директоры Әсет Күшкінбаев.
Оның айтуынша 10 жылдық мерзімдегі және жеңілдік кезеңіндегі жалпы несие желісі 2 миллиард теңгені құрайды. Сыйақы мөлшерлемесі 6 пайыз ғана болғандықтан фермерлер үшін бұл үлкен көмек, – деп толықтырды корпорация өкілі.
Қаржыландыру ферманың өндірістік қуатын күніне 12 мың литрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл сүт тапшылығын, импортқа тәуелділік пен нарықтағы сүт сапасын арттыру мәселелерін шешеді, – дейді Дүйсембай Ілдебаев.
Ферма қуатының кеңейтілуі компанияның дамуымен қатар елдегі 150 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік берген.