Ақмола облысында 551 жалпы орта білім беретін мектеп және 4 жеке меншік мектепте барлығы 128 мың оқушы биылғы оқу жылын бастады. Өңірде биыл 15 мың бала бірінші сынып табалдырығын аттаған. Барлық мектептер оқу құралдары мен компьютерлік техникамен жабдықталуда. Бұл туралы оқу жылының басталуына байланысты арнайы өткізілген брифингте Ақмола облысы білім басқармасының басшысы Бейбіт Жүсіпов айтты,-деп хабарлайды «Aqmola News».
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Эпидемиялогиялық жағдайға байланысты қашықтықтан білім беру үшін жаз бойы оқушылар мен ата-аналарға алдын ала психологиялық дайындық шаралары жүргізілген.
Облыс бойынша барлығы 177 мектеп биылғы оқу жылын қашықтықтан оқытуды бастады. Ал 378 мектепте кезекші сыныптар топтастырылды. Барлығы 32 мыңға жуық оқушы штаттық режимде білім алуда. Әр сыныпта 15 оқушыдан білім алуда,-дейді басқарма басшысы.
Штаттық режимде білім беруді бастаған мектептерде санитарлық қатаң тәртіптер орнатылған.Оқушы сабаққа келгенінде дене қызуы өлшеніп, баланың қолы арнайы дезинфекциялық құралмен тазартылып, сыныбына жіберіледі.
Ата-ана мектепке кіргізілмейді. Сыныптарда ара қашықтық сақталған.
Өңірде 70 мыңға жуық қашықтықтан білім алып жатқан оқушылар жеке компьтерлермен, нотбуктермен қамтамасыз етілді. Кейбір компьютерлік техника жетпей қалған мектеп оқушыларына мектеп базасындағы техникалар уақытша берілді. 15 қыркүйекке дейін тағы 23043 бірлік техника сатып алу көзделген. Осы мерзімге дейін тапсырыс берілген техниканың алғашқы партисы жеткізілуге тиіс. Жалпы өңірдегі мектептерді қажетті құрылғылармен қамтуға 3 жарым млрд. теңге қарастырылған,-деп атап өтті Бейбіт Жүсіпов.
Қашықтықтан оқыту арнайы платформалармен негізделген. Бүгінде барлық мектептер it-компаниялармен келісім шартқа отырып, «Оnline Mektep», «Bilimland»,«Дарын онлайн»,«Kundelik» сияқты бағдарламалармен жұмыс істеуде.