spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-12.8 C
Kokshetau

«Елу жылда ел жаңа»: Биыл Егіндікөл ауданына елу жыл

Сондай-ақ...оқыңыз

 

Егіндікөл ауданының құрылғанына биыл елу жыл толып отыр. Тарихы «Краснознамен ауданы» атауымен байланысты бұл өлке ертеден облысымыздың астықты аудандарының бірі саналады. Жуырда аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Бақыт Бейсембайқызымен болған әңгімемізде мерейлі дата қарсаңында ауданда біраз игілікті істер атқарылып жатқанын білдік.

1970 жылы мұнда алғаш тың игерушілер қоныстанған екен. Осы күні аудан бойынша халық саны алты мыңдай. Оның үш мыңы аудан орталығында, қалғандары ауылдарда тұрады. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, бүгінде Егіндікөлдің қатардан қалмай, барлық салаларда жақсы қарқынмен дамып келе жатқан жайы бар.

Атап айтсақ, аудандық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Көп жылдан бері жөндеу көрмеген ғимараттың шатыры түгелдей ауыстырылып, мәдениет үйінің ауласы абаттандырылды. Сонымен қатар, ғимараттың жанынан жаңадан ангар типтес спортзал салынды. Аудан орталығындағы стадион да жаңартылып, ауылішілік жолдарға асфальт төселді. Бұл жұмыстардың басы-қасында жүрген аудан әкімі Ерлан Исабековке тұрғындар дән риза. Әлбетте, аудан көркейсе, тұрғындардың да көңілі жайлы болмақ.

–Ауданымыз жыл санап көркейіп келеді. Биылғы жыл біз үшін ерекше. Әлемді шарпыған пандемияға қарамастан, аудан бойынша көптеген жұмыстар істеліп жатыр. Білім ошақтары жөнделуде. «Жақсынының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы арада ауданымызды ілгері бастап келе жатқан әкіміміз Ерлан Шойұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Әкім ардагерлердің әр бастамасын қолдап отырады. Аудан мерейтойына орай аудан тарихы, жақсы-жайсаңдары жайлы кітап шығарамыз деген ойымыз бар, – деген зейнеткер Бақыт Әмірханова телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында жолдасы Қанат Әмірхановтың ауданның елу жылдық мерейтойына арнап жазған «Егінді елім еңселі» атты өлеңін оқып берді:

Шалғайдамыз Егіндікөл жерінде,

Қаз – үйрегі қаңқылдаған көлінде.

Ерлері бар жарқын жүзді жайдары

Ерен еңбек жасап жатқан елінде.

Егіндікөл егіні мол жайқалған,

Сапалы дән сұрыптаудан байқалған.

Тарихы бар тыңнан басын алатын,

Ерлері бар елге үлгі болатын.

Жарты ғасыр, – 50 жылда ел жаңа,

Ел ағасы, сонда туған жас бала.

Жер қорғаған ардагерлер Отаны,

Есімдері ескерткіште ортада.

Ұландарым ер бабалар ұрпағы,

Қобыланды, Қажымұқандай арқалы.

Әл – Фараби ақыл – ойдың ақ таңы,

Ұлы Абай халқымыздың мақтаны.

Ауданымның ашылатын қыры бар,

Ұштасатын жаңа күнмен сыры бар.

Кіші болып көрінгенмен сырт көзге,

Әр көңілден төгілетін нұры бар.

Басшы елмен тіл табыса біледі,

Халық оның абыройлы тірегі.

Ауданымыз әр жыл сайын жаңарып,

Баршамызға бақыт сыйлап келеді.

Осы арада айта кетсек, Бақыт Бейсембайқызы осы ауданның байырғы тұрғыны. Көп жыл білім беру саласында жемісті қызмет атқарған, мектеп директоры болған. Сегіз жылдан бері аудандық ардагерлер кеңесіне төрайымдық етеді, сонымен қатар аудан әкімінің кеңесшісі. Жасы 76-ға келгеніне қарамастан, ауданның қоғамдық-мәдени өміріне белсене араласады.

–Егіндікөлдің табиғаты егін өсіруге, мал шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы. Тұрғындар осы игілікті жақсы пайдалана білуде. Бұрынғы, Жұлдыз деген кеңшарлардың орнында қазір ірі шаруа қожалықтары жұмыс істеуде. Жыл сайын біздің аудан мол өнім береді.

«Орталық-Батыс» жолы елорда жақтан келіп, Арқалыққа дейін баруы керек. Осы жол біздің аудан арқылы салынбақшы. Егер, жол салынса, біз «Орталық-Батыс» жолының бойындағы ең үлкен аймақ боламыз деген үмітіміз бар, – деді Бақыт Әмірханова.

Майра Қуанышқызы.

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img