Үшінші халық санағы биылғы жылға жоспарланған болатын. Оған жер-жерде дайындық жұмыстары жүргізіліп, уақытында өтетініне еш күмән туындамағанымен, әлемді жайлаған коронавирус бұл шараны да кейінге қалдыруға мәжбүрлеп отыр. Қазір Үкіметтің шешімі бойынша елімізде биылға ұйғарылған халық санағының келесі 2021 жылға қалдырылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Aqmola News
Статистикаға сүйенсек, қазір біздің елімізде 18,7 миллион адам тұрады. Жалпы, республикамызда өз тәуелсіздігімізді алғалы ең көп бала туу көрсеткіші 2016 жылдың үлесіне тиеді. Сол жылы дүниеге 406 мың сәби келген. Соның өзінде бұл көршілес өзбек елінен екі есе кем көрсеткіш. Онда жылына орта есеппен 800 мыңнан астам сәби дүниеге келіп отырады. Халқының саны да еселеп өсіп, 30 миллионнан асып кеткен. Ақмола облысы бойынша статистика департаменті халық санағы бөлімінің басшысы Еркін Көкенова:
–Иә, биыл халық санағы өтпейтін болды. Ол 2021 жылға қалдырылды. Алдын-ала болжам бойынша өтетін уақыты сол 1-30 қазанның аралығы деп отырмыз. Әне-міне осы мәселе бойынша Үкіметтің Қаулысы шығуы тиіс. Соны да күтіп отырған жа-йымыз бар. Осы халық санағына байланыс-ты барлық мәселе, уақыты, бағыты сол Қаулыда айтылуға тиіс. Жалпы, биылғы жоспарланған халық санағына облыста жан-жақты дайындық жүргізілген болатын. Сондықтан, пандемияның киіп кетіп, бұл маңызды шараның белгіленген уақытында өтпей қалғаны өкінішті. Алайда, келесі жылы өтетін халық санағына да осы бастан тиісінше дайындық жасап, талапқа сай өткізетінімізге ешбір күмәніміз жоқ. Тек мына елді алаңдатқан қауіпті індет басылсын деп тілейік,–дейді.
2020 жылдың 1 шілдесіне дейінгі мәлімет бойынша Ақмола облысында 736,555 адам тұрады екен. Ал, былтыр осы мерзімде халық саны 739,027 адамды құраған.