Қашықтықтан оқытатын мектептерде ата-аналардың өтініші бойынша көп дегенде 15 балаға арналған кезекші сыныптар жұмыс істейді. Алдын ала есеп бойынша облыс мектептерінде сондай 3 мың кезекші сынып болады деп болжануда. Оларда 45 мың оқушы білім алады, деп хабарлайды Aqmola News.
Өңірде оқушылар мен ұстаздарды интернетпен қамтамасыз ету мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде облыстың жалпы білім беретін барлық мектептері кең жолақты жылдамдықты интернетке қосылған. 300 мектептегі интернеттің жылдамдығы секундына 4-тен 8 Мбит-ті құрайды. 252 мектепте интернеттің жылдамдығы секундына 8 Мбит-тен жоғары. Қазіргі таңда «Қазақтелеком» акционерлік қоғамымен бірлесіп, тағы 35 мектепте интернет жылдамдығын секундына 8 Мбит-ке арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Ол 1 қыркүйекке дейін аяқталуы тиіс.
Қашықтықтан оқыту кезінде үй жағдайында білім алатын оқушыларды тұрақты интернетпен қамту мәселесі шешілуде. 132 мың оқушының 124400-інің немесе 94 пайызының интернетке үй жағдайында қосылуға мүмкіндігі бар. Ал, 7800 оқушыда үйде интернет жоқ. Оқушыларға қашықтықтан оқыту кезінде пайдалануға ұялы байланыс операторларының мобильді интернеті бар Wi-Fi роутерлер, флеш-карталар беріледі. Сонымен қатар, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мобильді оператор өкілдерімен оқушылар мен педагогтар үшін айына 990 теңгенің «Білім» жеңілдетілген тарифын іске қосу бойынша келіссөздер жүргізуде. Аталған тарифтік жоспар оқушылар мен ұстаздарға ұялы телефон арқылы бір-бірінешексізқоңырау шалуға, Білім және ғылым министрлігімен бекітілген білім интернет ресурстарына тегін кіруге мүмкіндік береді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.