spot_img
Сенбі, Қараша 23, 2024
-7.3 C
Kokshetau

Зеренді өлкесінде 229 археологиялық ескерткіш бар

Сондай-ақ...оқыңыз

Ақмола облысының мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы Зеренді ауданындағы Орманды Бұлақ қорымы мен Қошқарбай қонысына экспедиция ұйымдастырды, деп хабарлайды Aqmola News

–Біздің орталық жер бетінде жойылып бара жатқан археологиялық ескерткіштерді қорғау-құтқару, қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып қана қоймай, сондай-ақ ғылыми-зерттеулер де жүргізеді. Бұзылу қаупі бар археология ескерткіштеріне қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізуді 2003 жылы бастаған едік. 17 жылдың ішінде 200-ден астам археология ескерткіштері қалпына келтірілді, – деді Серік Базарбекұлы.

Бүгінгі таңда Ақмола облысында тас дәуірінен жаңа заманға дейінгі кезеңдерге жататын 976 археологиялық ескерткіштер бар. Олардың 229-ы Зеренді ауданында орналасқан. Солардың бірі қола дәуірі мен ерте темір дәуіріне жататын Орманды Бұлақ қорымы және өзінше экологиялық тауаша саналатын Қошқарбай қонысы.

Орманды Бұлақ қорымында ерте қола дәуірінен бастап орта ғасыр дәуіріне, яғни, түркі заманына дейінгі жерлеу орындары орналасқан. Бұл қорымның ерекшелігі, шағын ғана аумақта бір емес, бірнеше дәуір ескерткіштерінің орналасуында.

Орманды Бұлақ қорымы 2006 жылы археолог Виктор Зайберттің бастамасымен жүргізілген археологиялық барлау жұмыстары кезінде табылып, белгілі болған екен. Серік Ысқақовтың айтуынша, 2006 жылы мұнда ерте кезеңдерге жататын 50 археологиялық ескерткіш табылыпты. 2011, 2012 жылдары тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығы қорымда қорғау-құтқару жұмыстарын жүргізіп, түгел қоршаған екен. Алайда, ондағы ескерткіштер бұзыла бастаған соң, «Зеренді» орман шаруашылығы қоршауларды алып тастапты. Қазір мұнда ешқандай жазу болмаған соң, оның қола дәуіріне жататын қорым екенін көбісі біле бермейді. Сол себепті, Серік Базарбекұлы келер жылы қорым маңына ақпараттық тақтайша орнатуды жоспарлап қойғандарын айтты.

Археологтардың айтуынша, ертедегі тайпалар жерлеу рәсімі кезінде зиратқа топырақ салудың орнына, тастарды тастаған екен. Аумағы шамамен үш гектарға созылып жатқан Орманды Бұлақ қорымында әлі ашылмаған қорғандар да бар. Алдағы жылдары барлау жұмыстары қолға алынбақшы.

–Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыста көптеген киелі орындар зерттелді. Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» картасына Ақмола өңірінен 46 нысан енді. Оның 11-і жалпыұлттық, 35-і өңірлік маңызы бар нысандар. Қорғау-құтқару жұмыстары кезінде анықталған жәдігерлер акт бойынша Ақмола облысының тарихи-өлкетану музейіне тапсырылады. Ерейментау, Сандықтау, Атбасар, Зеренді аудандарында және Степногорск қаласында жүргізілген қорғау-құтқару жұмыстарының нәтижесінде облыстық өлкетану мұражайының қорына екі мыңға жуық жәдігер тапсырылды. Қазір олар көпшіліктің көзайымына айналып, төл тарихымыздан сыр шертуде, – дейді Серік Ысқақов. 2003 жылдан бері орталық археологтарымен бірге екі мыңға жуық студент археологиялық қазба жұмыстарына араласып, тәжірибе жинақтаған. Орталық оқушылар мен студенттерге ғылыми тұрғыда көп көмек көрсетуде.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ. 

- Жарнама -spot_img
- Жарнама -spot_img
Соңғы мақалалар

Балалар дұрыс сөйлеуді үйренуге арналған шеберлік сабағы

"Көкше" мәдениет үйінде  "Сахна тілі" және әдеби оқу үйірмелерінің жүргізушілері Амина Касенова мен Алена Тищенко балалардың сауатты сөйлеуі мен...
- Жарнама -spot_img

Ұқсас мақалалар

- Жарнама-spot_img