Қазақстанда маска тағу талабы кей топтарды есептемегенде, барлық азаматқа қатысты болып отыр. Денсаулық сақтау министрлігі осы ережені сақтағанда ғана ел вирусты жеңе алатынына кәміл сенеді.
Министр адамдар маска тағып жүрсе, инфекцияның репродуктивтілігі 4 есе төмендейтінін айтты
«Біз өткізген анализге сенсек, адамдар маска тағып жүрсе, инфекцияның репродуктивтілігі (1 науқастың басқа адамдарға вирус жұқтыру деңгейі) 4 есеге төмендейді. Бұрын айтқанымыздай, маскадағы адам вирусты маскасыз адамднан 30%-ға аз жұқтырады. Сөйтіп, 1 айдан кейін инфекция жұқтырғандар саны 300 мыңнан 80 мыңға азаяды. Маска тағу әлеуметтік арақашықтықты сақтау ережесімен бірге орындалғанда, 1 айдан кейінгі мультипликативті эффект айына 1 адам ғана вирус жұқтыратындай деңгейге жетеді», – деп түсіндірді ол бүгін Үкімет отырысында.
Бірақ жаңа бұйрыққа сәйкес, бірнеше категориядағы азаматтар мен кей орындарда маска тақпауға болады.
«Маска тағу демалатын және қызмет көрсетілетін қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте, ашық жердегі қоғамдық жерлерде міндеттелген. Бұл ереже келесі категориядағы адамдарға жүрмейді: 5 жасқа дейінгі балалар, жеке және әлеуметтік арақашықтықты сақтай отырып топтық (5 адамнан артық емес) спорттық жаттығулар жасап жатқан адамдар және маскаға қарсы медицициналық көрсеткіші барлар. Сонымен бірге ашық аспан астындағы тамақтану орындарында арақашықтық сақталған жағдайда маска тақпауға болады», – деді А.Цой.
Басқа жағдайда азаматтар маскасы болмағаны үшін айыппұл арқалауы мүмкін. Оның көлемі 83 мың теңгеге дейін жетеді.
Министр маска тағу қазір коронавирустың таралуын тоқтату үшін «уақытша зәру қажеттілік» екенін айтып отыр.