Көкшетауда «Алдаспан-Рух» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен коронавирус инфекциясымен күрес мақсатында қаржы жиналды. Елдің амандығына бей-жай қарамаған адамдардың қайырымдылығымен жиналған қаражатқа үш бірдей оттегі концентраттары сатып алынбақ, – деп хабарлайды «Aqmola News» тілшісі.
Майра ҚУАНЫШҚЫЗЫ
Тұрғындар өз еріктерімен үш жүз мың теңгеден астам қаражат жинаған.
Бүгін «Алдаспан-Рух» қоғамдық бірлестігі жиналған 309 809 теңге қаражатты «Шұғыла» қоғамдық қорына 3 оттегі концентраты аппаратын алу үшін жібердік. Қаржыны осы қордың басшысы Сәрсенбек Тұрдығұлұлы есімді ағамыз қабыл алды. Оттегі аппараттары «Көкшетау қаласының көпбейінді ауруханасына, «Ақмола облыстық психологиялық денсаулық сақтау орталығына және Щучинск қаласындағы Ақмола облысы «Көкше» оңалту орталығына жеткізілетін болды. Барлық жанашыр азаматтарға шын жүректен алғысымызды білдіреміз. Ізгі істеріңіз Алладан қайтсын, – дейді «Алдаспан – Рух» қоғамдық бірлестігіндегі ұйымдастырушылардың бірі Қуаныш Оспанов.
Қоғамдық бірлестік өкілдері алдағы уақытта да індетпен күресу мақсатында жұмысты жалғастырмақ ниетте.